Астаналықтар 13 млрд теңгенің тегін дәрі-дәрмегімен қамтылды

6 Қазан 2023, 11:25
837
Бөлісу:
Астаналықтар 13 млрд теңгенің тегін дәрі-дәрмегімен қамтылды
Фото: Мемлекеттік кірістер департаменті

Елордалықтар жыл басынан бері 13 млрд теңгенің тегін дәрі-дәрмегімен қамтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ елорда филиалына сілтеме жасап. 

«Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу ересектер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін дәрілік заттардың тізімін едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. 

ҚР ДСМ №75 бұйрығына сәйкес, бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 380 атауымен 55 нозология (сырқат түрі/жай-күйлер) бойынша, МӘМС жүйесінде ересектер: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 64 атауымен 23 нозология (сырқат түрі/жай-күйлер) бойынша және балалар: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 174 атауымен 47 нозология (сырқат түрі/жай-күйлер) бойынша қамтамасыз етіледі.

ТМККК бойынша қосымшада динамикалық бақылауда болатын және диспансерлік есепке алуды қажет ететін сырқаттар бар, олар артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, бронх демікпесі, қант диабеті, туберкулез, ЖИТС, В және С гепатиттері, мукополисахаридоз, жұлын бұлшықет дистрофиясы, органдар мен тіндерді трансплантациялау, т.б. ТМККК шеңберінде амбулаториялық деңгейдегі пациенттер әртүрлі фармакологиялық топтардың дәрілік заттарымен: Амлодипин, Периндоприл, салбутамол, такролимус, микофенол қышқылы, дабигатран, инсулиндер, сондай-ақ элосульфаза, нусинерсен, окрелизумаб, голимумаб, т.б. секілді қымбат препараттармен қамтамасыз етіледі. 

МӘМС пакеттерінде ересек пациенттер мен балалар негізінен пневмония, жоғарғы және төменгі тыныс жолдарының жіті респираторлық инфекциялары, темір тапшылығы анемиясы, синуситтер, созылмалы панкреатит, т.б. сырқаттар бойынша берілетін препаратпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, МӘМС аясында азитромицин, парацетамол, цитиризин, альбендазол, флуконазол, т.б. антибактериалды, қызу түсіретін препараттармен қамтамасыз етіледі.

2023 жылдың 9 айында Астана қаласы бойынша 185 607 пациент 768 960 тегін рецепт бойынша 13 млрд. 099 млн. теңге сомасына тегін дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді.Оның ішінде: тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде (ТМККК) 12,4 млрд. теңге сомасына 727 676 тегін рецепт бойынша 168 893 пациент, МӘМС есебінен 576,2 млн.теңге сомасына 26 603 тегін рецепт бойынша 15 963 ересек пациенттер мен 143,6 млн. теңгеге 10 511 бала 14 681 тегін рецепт бойынша дәрі-дәрмек алды. Біздің сарапшылар медициналық қызметтің қолжетімді болуы және оның сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұрақты жұмыс жүргізеді, – деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ елорда филиалының директоры Е.Бекмұхамбетов.

Дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент өзінің учаскелік дәрігеріне (медбикеге) баруы керек. Учаскелік дәрігер/медбике науқастың жағдайын бағалайды және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектерді алуға рецепт жазады. Сол рецепт бойынша жеке басын куәландыратын құжатпен емхананың дәріханасынан дәрі алады.
Естеріңізге сала кетейік, жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде барлық дәрілік заттар тегін беріледі.

Өзгелердің жаңалығы