- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Астаналық кәсіпорын жылу алмастырғыштардың негізгі бөлшектерін өзі өндіре бастады
Астаналық кәсіпорын жылу алмастырғыштардың негізгі бөлшектерін өзі өндіре бастады
Астанада жылу жабдықтарын шығаратын кәсіпорын «Даму» қорының мемлекеттік қолдауын пайдаланып, өндірістік базасын кеңейтті.
30 Қыркүйек 2026, 15:57
Астанада жылумен және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жабдық шығаратын кәсіпорын өндірістік қуатын кеңейтіп, өнімнің жергілікті қамту үлесін арттыруға кірісті. Кәсіпорын «Даму» қорының мемлекеттік қолдау құралдарын пайдаланып, өндірістік базасы мен технологиялық жабдықтарын жаңартқан. Енді жылу алмастырғыштардың негізгі бөлшектерінің бірі – пластиналарды өз өндірісінде шығару жоспарланып отыр. BAQ.KZ тілшісі өндіріс барысымен танысып, мемлекеттік қолдаудың кәсіпорын жұмысына қалай әсер еткенін біліп қайтты.

Қаржы өндірісті дамытуға бағытталды
Компания 2015 жылы құрылып, бастапқы кезеңнен бастап жылу энергетикасы саласындағы жабдықтарды әзірлеу және өндірумен айналысады.
Кәсіпорын өндірісін кеңейту мақсатында мемлекет қолдауын екі рет пайдаланған. Қолдау екінші деңгейлі банк арқылы тартылған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде көрсетілген.

Тартылған қаржыландыру инвестициялық жобаларды іске асыруға, оның ішінде меншікті өндірістік базаны сатып алуға және дамытуға, сондай-ақ заманауи өндірістік жабдықтарды сатып алуға бағытталды.
Көрсетілген қолдау кәсіпорынға материалдық-техникалық базасын кеңейтіп қана қоймай, өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуға және шығарылатын өнімнің жергілікті қамту деңгейін арттыруға негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Компания директоры әрі құрылтайшысы Владимир Усовтың айтуынша, өндірісті жергілікті жерде дамытуға басымдық берудің негізгі себептерінің бірі – сырттан жеткізілетін бөлшектерге тәуелділікті азайту.
Біз бұрын мұның бәрін Еуропадан сатып алатынбыз. Сондықтан өндірісті өзімізде дамыту туралы шешім қабылдадық. Негізгі мақсат – нарықтағы өзгерістерге қарамастан, қажетті жабдықтарды Қазақстан аумағында шығара алу, – деді Владимир Усов.

Өндіріс көлемі қандай?
Қазір кәсіпорын бірнеше бағыт бойынша өнім шығарады. Оның өндірістік қуаты жылына 1 300-ге дейін жиналмалы пластиналы жылу алмастырғыш, 200 автоматтандырылған блокты жылу пункті, 400 сорғы станциясы, 2 000 тік абоненттік лай ұстағыш, 6 000 қабаттық тарату коллекторы, сондай-ақ сорғы станциялары мен жылу пункттеріне арналған 1 000-ға дейін басқару шкафын және басқа да өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында 43 адам еңбек етеді. Мұнда өндірілетін жылу алмастырғыштар тұрғын үйлердің жылу және ыстық сумен жабдықтау жүйелерінде қолданылады. Құрылғы сыртқы жылу желісі мен ғимараттың ішкі жүйесін байланыстырып, жылуды бір контурдан екіншісіне береді.
Жылу алмастырғышты шартты түрде әр үйдің жүрегі деуге болады. Ол арқылы сыртқы желіден келген жылу беріледі. Сонымен қатар суық суды жылытып, ғимаратқа ыстық су жеткізуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Владимир Усов.

Қазір өндірісте 150 градусқа дейінгі температуралық режимдерге арналған жабдықтар шығарылады. Болашақта өндіріс ауқымын кеңейтіп, жоғары температурада жұмыс істейтін жабдықтар бағытын да игеру жоспарланып отыр.
Өнім қалай жасалады?
Өндірістің алғашқы кезеңдерінің бірі – металды дайын сызбаға сәйкес кесу.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Андрей Устьянцевтің айтуынша, бұл кезеңде жылу алмастырғыштың қозғалмалы және қозғалмайтын плиталарына арналған дайындамалар әзірленеді.
Біз металды берілген сызбаларға сәйкес кесеміз. Бұл – жылу алмастырғыштың қозғалмалы және қозғалмайтын плиталары. Станоктан шыққаннан кейін дайындамаларды тазалап, механикалық өңдеуден өткіземіз. Одан кейін бояу цехына жіберіледі, – деді Андрей Устьянцев.

Кесілген бөлшектер механикалық өңдеуден өткен соң бояу камерасына жіберіледі. Одан кейін дайын элементтер құрастыру желісіне өтеді. Жылу алмастырғыштың негізгі бөлігін бірнеше металл пластина құрайды. Олардың арасында арнайы тығыздағыштар орналасады.
Әр пластинаның арасына тығыздағыш резеңке қойылады. Оның міндеті – сыртқы контурдағы жылу тасымалдағыштың ішкі контурдағы сумен араласып кетпеуін қамтамасыз ету. Яғни жылу беріледі, бірақ екі контурдағы су араласпайды, – деді атқарушы директор.

Жиналған құрылғы кейін қысыммен тексеріледі.
Жүйені сынақтан өткізу кезінде оған 25 атмосфераға дейін қысым береміз. Егер ағып кету болмаса, өнім орнатуға немесе сатуға дайын болады, – деп түсіндірді Андрей Устьянцев.

Келесі кезең – пластиналарды өздері шығару
Қазіргі уақытта кәсіпорын жылу алмастырғыштың бірқатар бөлшектерін өзі өндіреді. Ал құрылғының жылу беретін негізгі элементтерінің бірі – пластиналар әзірге сырттан сатып алынады. Енді бұл бағытты да жергіліктендіру жоспарланып отыр.

Кәсіпорын жаңа цехта пластиналарды өз өндірісінде қалыптауға мүмкіндік беретін тығыздау жабдықтарын сатып алған. Қазір оның бір бөлігі орнатылған, қалған жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілмек.
Қазір пластиналарды әлі сырттан аламыз. Бірақ жаңа цех салынып жатыр. Тығыздау жабдығын сатып алдық. Оның станогы орнатылды, қалған бөлшектері де келеді. Жоспар бойынша жыл соңына қарай өз пластиналарымызды өндіруді бастауымыз керек, – деді Андрей Устьянцев.

Осылайша компания жылу алмастырғыштың дайын бөлшектерін құрастырумен шектелмей, оның негізгі компоненттерінің бірін өз ішінде өндіруге көшпек. Келесі кезеңде пластиналарға арналған тығыздағыш резеңкелерді де өндіру жоспарда бар.
Келесі кезеңде осы пластиналарға арналған резеңкелерді шығаруды қарастырамыз. Ал фланецтерді әзірге сырттан сатып аламыз. Оларды өндіру үшін бөлек технологиялық желі қажет, – деді ол.

Қазақстан нарығымен қатар экспортқа да шығады
Кәсіпорын өнімдері Қазақстан нарығымен қатар шетелге де жеткізіледі. Қазір өнімнің бір бөлігі Өзбекстанға экспортталады.
Владимир Усовтың айтуынша, былтыр компания шамамен 3 мың блокты жылу пунктін шығарған. Биылғы өндіріс көлемі шамамен 2,5 мың дана болады деп жоспарланған.

Сонымен қатар Өзбекстанға қосымша өнім партиясын жөнелту көзделіп отыр.Ресей нарығына шығу үшін де сертификаттау және қажетті сынақтар жүргізіліп жатыр.
Компания басшысының айтуынша, кәсіпорын шығаратын жабдықтарға сұраныс құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларға байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан өндірісті кеңейту жоспары тек дайын өнім көлемін арттырумен шектелмейді.

Жаңа өндірістік алаңға көшудің алғышарттары
Кәсіпорын өндірісін одан әрі кеңейту үшін Астана қаласының Индустриялық парк №2 аумағында жаңа өндірістік алаң ашуды жоспарлап отыр.Компания аталған паркке қатысушы ретінде бекітілген. Қазір жер учаскесін рәсімдеуге қатысты жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа алаңда өндіріс көлемін арттырумен қатар, бұрын сырттан сатып алынған кейбір компоненттерді Қазақстанда шығару мүмкіндігі қарастырылмақ.Бүгінде кәсіпорынның дамуындағы негізгі өзгерістің бірі – өндірістік базаның кеңеюі және жаңа технологиялық жабдықтардың енгізілуі.

Мемлекеттік қолдау аясында тартылған қаржы өндірістік база мен жабдықтарды дамытуға бағытталып, кәсіпорынға өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті мүмкіндіктер қалыптастырған. Ендігі кезеңде кәсіпорын жылу алмастырғыштардың негізгі бөлшектерінің бірін – пластиналарды өз өндірісінде шығаруды бастауды жоспарлап отыр. Бұл өндірістегі жергілікті қамту үлесін арттыруға бағытталған келесі қадам болмақ. Ал жаңа өндірістік алаңның іске қосылуы өнім көлемін ұлғайтып, жылу және сумен жабдықтау жүйелеріне арналған жабдықтарды Қазақстан ішінде өндіру мүмкіндігін кеңейтуге жол ашпақ.
Тағы оқи отырыңыз: 10 тоннадан 50 тоннаға дейін: Астанадағы ет өңдеу цехы қалай жұмыс істейді?
Ең оқылған:
- 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
- 583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды?
- Өз шотына миллиондар аударған: Қазалыда балабақша есепшісіне қатысты тергеу басталды
- – 4°С үсік пен қатты жел: Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт бұзылады
- Мектепте телефон қолдануға қатысты жаңа талап бекітілді: Оқушылар нені білуі керек?
Жанерке Жәкен