Астанаға Пәкістанның әскери делегациясы келді

23 Сәуір 2024, 21:14
270
Бөлісу:
Астанаға Пәкістанның әскери делегациясы келді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс ведомствосында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Асиф Гхафурдың басшылығымен шетелдік делегациямен хаттамалық кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сапар барысында Пәкістан делегациясы Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Шетелдік қонақтармен әскери білім ордасының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков және Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері кездесті.

Брифингте оларға Ұлттық қорғаныс университетінің тарихы, оқу бағдарламалары және материалдық-техникалық базасы туралы айтылды. Жоғары оқу орнында делегация пәкістандық әскери өнер аудиториясын көрді.

Қарулы күштер Бас штабы академиясының тыңдаушылары үшін Пәкістанның стратегиялық зерттеулер институтының бас директоры генерал-майор Раза Айзад «Оңтүстік Азия – Орталық Азия, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл перспективалары» тақырыбында дәріс оқыды.

Іс-шаралар университеттер арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюмен аяқталды. Құжат тәжірибе, озық практика, кітапхана ресурстарымен алмасуды, симпозиумдарға, конференциялар мен семинарларға қатысуды көздейді.

Бұдан бөлек пәкістандық әріптестер әскери-стратегиялық зерттеулер орталығына, ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне барып, елорданың көрікті жерлерімен танысты.

Өзгелердің жаңалығы