Бұл туралы депутат Нұрлан Бекенов Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, инфрақұрылымның әбден тозуы, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейінің төмендігі, ғылыми ілгерілетудің жоқтығы және кадрлардың тапшылығы – сумен жабдықтау және халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі проблемалары.
Депутат Астананы сумен жабдықтау жалғыз көзден – Астана су қоймасынан жүзеге асып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.
Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсіп отыруына байланысты су тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурстары толық сарқылған жағдайда, төтенше жағдайлар туындаған кезде елорда үшін балама су көзін салу арқылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажет. Осылайша, бүгіннен бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау қажет деп санаймын, - деді сенатор Нұрлан Бекенов Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сонымен қатар депутат Нұра жер асты суы кен орнын игеруді және оның ұзақ мерзімді пайдалану нәтижесінде апатты жағдайда тұрған инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды ұсынды. Депутат сонымен қатар Мемлекет басшысының Үкіметке Бұзылық су қоймасын салу туралы ұсынысты зерделеу және енгізу жөніндегі тапсырма бергенін еске салды. Сенатор Бұзылық су қоймасының құрылысы жүктемелердің шарықтау шегі мен су тасқыны қаупін азайтуға, Есіл өзенінің ағынын барлық ұзындықта реттеуге және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының қажеттіліктері үшін су қорларын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ елорданы сумен қамтамасыз етудің қосымша көзін салу келешегін ескере отырып, Нұра және Бұзылық су қоймаларында қысқа мерзімде қайта жаңғырту мен қажетті жұмыстарды жүргізу, Астана қаласын сумен жабдықтаудың балама көздерін игеру жөніндегі жұмысты жеделдету және жалғастыру қажет, - деп атап өтті сенатор.