Нұртөре Жүсіп: Еліміздегі мектептерді күзету - формальды түрде жүргізіледі

16 Ақпан 2023, 15:21
1409
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп: Еліміздегі мектептерді күзету - формальды түрде жүргізіледі
Фото: aikyn.kz

Бұл туралы депутат Нұртөре Жүсіп Сенат отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында қазіргі таңда біздің елімізде оқу мекемелерінің қауіпсіздігі  формальды түрде және қарабайыр түрде жүргізілетіні туралы айтты. 

Депутат Петропавл қаласындағы 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ алып келіп, үш баланы жарақаттаған қайғылы жағдайды еске салды.

Нұртөре Жүсіп осыған байланысты мұндай төтенше жағдайларды болжау жүйесіндегі, ерте алдын алудағы күрделі проблемаларға назар аударды. Сенатор елімізде бұл бағыт бойынша маңызды ғылыми база жоқ екенін атап өтті. Оқушылардың психологиялық портретін жасау, отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтау кезінде депрессияға немесе агрессияға бейім балаларды алдын-ала оқшаулау ескерілмейді. 

Көп сатылы кешенді қауіпсіздік жүйесін жасауды күн тәртібіне шығару керек. Әлем елдерінде мұндай тәжірибелер бар. Қай ел болсын бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Қытайда мектепке тек оқушының да ата-ананың да суреті бар арнайы куәлікпен кіруге болады. Кез келген оқу орнында күзетші кабинкасы қойылған. Келген адамның куәлігі болмаса, тек мұғалім ғана ертіп кіре алады. Ал Францияда оқушыларға ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі жазылған нұсқаулық беріледі. Сабақ арасында рюкзактар мен портфелдер тексеріледі. Жылына екі рет антитеррористік жаттығу сабақтары өткізіледі, - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында. 

Депутат «Білім туралы Заңында» оқушылар мен ұстаздардың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бір ауыз сөз жоқтығына да алаңдаушылық білдірді. 

Сізден еліміздегі білім беру мекемелерінде криминалдық және террористік сипаттағы қауіп-қатерден қорғайтын, оқу орындарындағы оқушыларды, мұғалімдер мен қосалқы персоналды сақтауға арналған қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін жасау жөнінде шұғыл кешенді шаралар қабылдауды сұраймыз, - деді Нұртөре Жүсіп. 

Өзгелердің жаңалығы