Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінің тұрғындары Қасым Қайсенов көшесінде түнде жастар арасында болған шулы жанжалға шағымданды. Оқиға видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлер оқ атылғанға ұқсас дыбыстар естілгенін айтып, түні бойы ұйықтай алмағандарын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция департаментінің мәліметінше, 5 сәуір күні полицияға Қасым Қайсенов көшесінде жастар арасында жанжал болғаны туралы хабарлама түскен. Арызданушының айтуынша, оқ атылғанға ұқсас дыбыстар естілген.
Оқиғаға қатысқан барлық азаматтардың жеке басы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқ атылғаны туралы дерек расталған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, қатысушылар арасында жеке бас және қызғанышқа байланысты жанжал туындаған. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, - деп жауап берді редакция сауалына Полиция департаментінен.