«City Transportation Systems» ЖШС-нің баспасөз қызметі Астана тұрғындары мен қонақтарына пайдалы ақпарат ұсынды. Ол LRT мектеп және жеңілдік көлік карталарына қатысты.
Атаулы мектеп және жеңілдік LRT көлік картасын мына жолдармен рәсімдеуге болады:
- барлық LRT станцияларында – карта бірден беріледі;
- transcard.kz сайты арқылы онлайн – дайын картаны Р. Қошқарбаев даңғылы, 50/1 мекенжайындағы Орталық кассадан алуға болады.
Картаны рәсімдеу құны – 1200 теңге.
Атаулы LRT көлік картасын мына азаматтар рәсімдей алады:
- елордадағы білім беру ұйымдарында оқитын 7-18 жас аралығындағы оқушылар;
- Астана қаласында тіркелген және тұрақты тұратын, қалалық мәслихат бекіткен жеңілдік санаттарына жататын азаматтар.
Жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар азаматтар санатының толық тізімі CTS сайтында жарияланған жария шарттың қосымшасында көрсетілген.
Атаулы картаны рәсімдеу үшін мына құжаттарды ұсыну қажет:
- туу туралы куәлік немесе жеке куәлік;
- оқу орнынан анықтама немесе жеңілдікті растайтын құжат;
- 3х4 көлеміндегі фото. Қажет болған жағдайда касса қызметкері суретті сол жерде түсіре алады.
Картаны рәсімдеу кезінде құжаттардың түпнұсқасын көрсету қажет. Олардағы мөр мен елтаңбалы мөрдің болуы тексеріледі.
CTS мәліметінше, «Қамқоршы», «Заңды өкіл», «Көпбалалы ана» және «Көпбалалы отбасы» санаттарына жататын азаматтардың зейнетақы куәлігінде жеңілдіктің қолданылу мерзімі туралы өзекті жазба болуға тиіс. Ол Астана қаласы бойынша әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының елтаңбалы мөрімен расталуы қажет.
Станцияларда атаулы карталарды рәсімдеу күн сайын сағат 07:00-ден 19:45-ке дейін жүргізіледі. Үзіліс уақыты – 13:00-ден 14:00-ге дейін.
Сондай-ақ CTS қала және қала маңындағы автобус бағыттарында жүруге арналған көлік карталары тек Орталық кассада берілетінін ескертті.