Астанадағы кептеліс мәселесі қалай шешіліп келеді?

7 Желтоқсан 2023, 11:49
5261
Бөлісу:
Астанадағы кептеліс мәселесі қалай шешіліп келеді?
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорда күн сайып көркейіп қана емес, кеңейіп те келеді. Жыл сайын қаладағы кептеліс мәселесін шешуде оңтайлы шешімдер қабылдануда. Соның бірі - магистралды көшелер мен өзен арқылы өтетін көпірлер санын арттыру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанаға күнделікті 90 мыңға жуық көлік келіп-кетеді. Ал қаладағы көлік саны 430 мыңға жуықтайды.

Кептелес уақытында көлік көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары және т.б. Осы мәселесін шешу үшін түрлі шаралар қолданылады. Елордада зияткерлік көлік жүйесінің арқасында көлік жылдамдығы 18%-ға ұлғайды. Ал жол жүрудің орташа уақыты 20%-ға азайды. "Ақылды" бағдаршамдардың арқасында көлік қозғалысы жеңілдетілді. Шаһарда олардың 40%-дан астамы зияткерлік функциялармен жабдықталған. Алдағы уақытта бағдаршамдардың шамамен 80%-ы аталмыш жүйемен қамтылады.

Дегенмен оң және сол жағалауды қосатын көпірлердің салынуы кептелістерді төмендетудегі ең дұрыс қадамдардың бірі болды. Екі жылда Алматы мен Есіл аудандарын байланыстыратын бірнеше көпір қолданысқа берілді.

Ұлы дала даңғылындағы көпір

Былтыр тамызда Ұлы дала даңғылында орналасқан көпір пайдалануға берілді. Аталған көпір Мәңгілік ел даңғылындағы, А. Байтұрсынұлы, Р. Қошқарбаев, Ж.Нәжімеденов көшелеріндегі, Nova city ауданы мен «Мыңжылдық» аллеясындағы көлік ағынын азайтуға септесті.

Тәуелсіздік даңғылындағы көпір

Биыл 30 қазанда Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпір Тәуелсіздік даңғылында ашылды. Ол Тәуелсіздік даңғылы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Ахмет Байтұрсынұлы, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы тәрізді көшелердің елорданың сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етті.

Екі жағалауды қосатын көпір екі бағытта қатынауға мүмкіндік беретін 8 жолақтан тұрады.

Қолданысқа бермес бұрын көпір кезең-кезеңімен арнайы техникалар арқылы сыналды. Оның жай-күйін бақылау үшін арнайы сенсорлар орнатылды.

Астанадағы кептеліс мәселесі қалай шешіліп келеді?

Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен веложолдар қарастырылған. Абаттандыру жұмыстары көктемде аяқталады деп күтілуде.

Көпір кептелісі бар учаскелерді едәуір сейілтті. Мәселен Мәңгілік Ел даңғылы 20%-ға, Сарайшық көшесі мен Ұлы Дала көпірі тиісінше 15%-ға жеңілдеді. Сондай-ақ Керей-Жәнібек хандар, Әл-Фараби көшелері және Ұлы Дала даңғылы бойынша трафик жандана түсті.

Қазір Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпір арқылы 4 қарашадан бастап №66, 23 қарашадан бастап №84 автобус жүре бастады. Осылайша қаланың оң және сол жағалауы арасындағы көлік қатынасы жақсара түсті.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада тағы бір көпір бой көтеретінін айтты.

Келер жылы Кенесары көшесінің бойында Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің құрылысын бастаймыз. Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Тәуелсіздіктен Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салуға кірісеміз. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей-Жәнібек хандар және Айтматов көшелерінде көлік ағынын сейілтеді, - деді ол.

Әкім айтып өткендей, Астанада Алаш-Бөгенбай батыр тас жолы бойындағы жол өтпесін реконструкциялау, Пушкин көшесі бойындағы жол өтпесін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа көпір қазір елордалықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Астаналық Ербұлан Еркінбекұлы қалада магистралды көшелер мен өзен арқылы өтетін көпір санын әлі де арттыру қажет екенін айтты.

Жаңа көпірлер өте сапалы, әрі кең етіп салынған. Сол жағалаудағы кептелісті айтарлықтай азайтты. Өзім жаңа теміржол вокзалы жақта тұрамын. Бұрын сол жағалауға жету үшін Б.Момышұлындағы көпір арқылы өтетінмін. Қазір санаулы минуттарда жетемін. Осындай магистралдар мен көпірлер санын тағы да арттырса екен, - деді елордалық.

Айта кетейік, биыл 70-тен астам көше салынады. Тағы 300 көше жөнделеді.

Өзгелердің жаңалығы