Астанадағы халықаралық діни жиын: Отырыс қалай өтті?

 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов 7 Қазан 2026, 17:50
7 Қазан 2026, 17:50
278
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтті. Жиынға 20 елден ислам, христиандық, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, теологтар мен сарапшылар қатысты. Толығырақ BAQ.KZ фоторепортажында.

Отырыста бейбітшілік пен дінаралық диалогты дамыту, қазіргі жаһандық сын-қатерлер және адамзат алдында тұрған өзекті мәселелер талқыланды.

Күн тәртібіне жасанды интеллектіні діни салада қолдану этикасы, климаттың өзгеруі және жазылмайтын ауруға шалдыққан балалардың құқықтарын қорғау мәселелері енгізілді.

Жиын барысында екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау мәселесі көтерілді. Олар – «Діни салада жасанды интеллектіні қолдану этикасы кодексі» және «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» құжаты.

Бұл құжаттарды әзірлеу бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде көтерген. Бастаманы съезге қатысушылар қолдаған.

Сонымен қатар «Жазылмайтын ауруға шалдыққан баланың құқықтары хартиясы» да күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде қаралды.

Құжатта ауыр дертке шалдыққан балалардың қадір-қасиетін қорғау, ізгілікпен қарау, медициналық және психологиялық көмек алу құқықтары қамтылған.

Сондай-ақ бала немесе оның заңды өкілі қалаған жағдайда, оның діни және рухани қажеттіліктерін ескеретін қолдау көрсету мәселесі қарастырылған.

Жиын соңында қатысушылар БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. 

Отырыс қорытындысы бойынша «Діндердің климаттың өзгеруімен күрестегі рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі» құжаттары таныстырылып, қабылданды.

Сонымен қатар жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтары хартиясын ілгерілету жөніндегі бастама талқыланды. Жиында XXV отырыстың өткізілу мерзімі мен орны да айқындалды. XXIV отырыстың қорытынды хаттамасы қабылданды.

Наверх