«Астанадағы ЕҚЫҰ-2010 саммитінің тарихи мәні мен өзектілігі» халықаралық конференциясы өтті

19 Ақпан 2021, 19:25
1340
Бөлісу:
«Астанадағы ЕҚЫҰ-2010 саммитінің тарихи мәні мен өзектілігі» халықаралық конференциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астанадағы ЕҚЫҰ-2010 саммитінің тарихи мәні мен өзектілігі» халықаралық онлайн-конференциясы өтті. 

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылды.

2010 жылы  Қазақстан – Орталық Азияның бірінші өкілі, посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы алғашқы мемлекет  және еуропалық құрылымға төрағалық еткен алғашқы мұсылман елі болғаны белгілі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің бастамашысы және идеологы болды.

Халықаралық конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атынан құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасының кеңесшісі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кеңсесі Ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әділ Тұрсынов оқып берді.

Астана қаласында 2010 жылы желтоқсанда өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымының 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияның қатысушыларына ыстық ықыласымды білдіремін. Аталған жоғарғы деңгейдегі кездесу Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америкадағы 57 мемлекетті біріктіретін ірі әрі маңызды трансконтиненталды  ұйым – ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан Республикасы төрағалығының аса айтулы оқиғасының бірі болды. Өздеріңіз білетіндей, Ұлы дала елі посткеңістікте ЕҚЫҰ-ны басқару мәртебесіне ие болған алғашқы мемлекет. Бұл мансапқа өтінім беруді ілгерілету ісімен тікелей өзім айналысқан мен ең алдымен ұйымның рөліне байыпты талдау жүргізіп, оның болашағын сомдау үшін біздің елдің халықаралық аренадағы жауапты әрі бейбітсүйгіш саясаты арқылы «ортақ жанұяны» ұйыстыра алатын қабілетін ескердім...Әділетті де орнықты әлемді, сондай-ақ Атлант мұхитынан Тынық мұхитына, Солтүстік Мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі «төрт мұхит» кеңістігіндегі стратегиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалыптастыру ісінде Қазақстанның төреғалығымен ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінің мұрасы өзектілігін жоғалтпайтынына сенімдімін, - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Үндеуінде.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара іс-қимылының диалог пен әлемді ілгерілету бойынша басты басымдықтарын атап өтіп, біздің елдің 2020 жылы АӨСШК-ке төрағалық еткенін еске салды.

Біз ЕҚЫҰ мен АӨСШК арасында тәжірибелік ынтымақтастықты орнату үшін жәрдемдесуге дайынбыз, өйткені бұл екі алаң Еуразияның негізгі мәселелерін шешуде бірдей мақсаттар қойып, ұқсас тәсілдерге сүйенеді. Осыған байланысты әріптестерімізді АӨСШК пен ЕҚЫҰ диалогының, сондай-ақ АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына ауыстыру идеясын қолдауға шақырамыз. Астана саммитінің негізгі тақырыптары –Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі диалог пен тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан мәселесі, «қатып қалған» қақтығыстарды шешу бүгінгі күнге дейін өзекті, – деді М.Тілеуберді.

Конференцияның модераторы және баяндамашысы болған Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ел тәуелсіздігінің мерейтойлық 30 жылдығында Қазақстан басқару мен  күнделікті өмірде демократиялық практикаларды  дамыту бойынша өз жолын жалғастырып келе жатқанын сенімді түрде мәлімдей алатынымызды атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің басқаруы кезінде саяси жүйені жаңғырту саясатын саналы және мақсатты түрде жүргізді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев қазақстандық демократияны одан әрі дамытуға бағытталған жаңа саяси реформалардың үш ірі пакетіне бастамашылық етті. Қазірдің өзінде мемлекет басшысының бірқатар бастамалары заң деңгейінде бекітіліп, практикада қолданысқа енді. Бұл біздің осыдан оншақты жыл бұрын таңдаған демократиялы жолымызды Қазақстан басшылығының жаңа легі ізін бұзбай, жалғастырып келеді дегенді білдіреді. Әрине, алда  әлі де көп жұмыс күтіп тұр, бірақ біздің ЕҚЫҰ-мен байланысымыз бұрынғыдай Қазақстанның дамуына ғана емес, ЕҚЫҰ-ның өзіне де, сондай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті нығайтуға да оң ықпал ететініне сенімдімін, - деп атап өтті Б.Темірболат.

Кездесу қатысушыларына арнайы дайындалған қысқаметражды бейнефильм көрсетілді. Онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев және жетекші саяси көшбасшылар ЕҚЫҰ саммитін өткізуге дайындық барысы және сол жылдардағы ресми хрониканың кадрларынан тыс қалған ұйымға қатысушы елдер арасындағы күрделі дипломатиялық келіссөздер туралы естеліктерімен бөлісті.

Конференция барысында ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрі Анн Линде мен ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Хельга Шмидтің бейне үндеулері ұсынылды. Сонымен қатар ЕҚЫҰ төрағасы (2010 ж.) Қанат Саудабаевтың, ЕҚЫҰ-ның экс бас хатшысы болған (2005-2011 жж.) Марк Перрен де Бришамбоның, Қазақстанның белгілі қоғамдық-саяси қайраткері Қуаныш Сұлтановтың, ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахмановтың, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Роберто Монтелланың, ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі мен үйлестірушісі (2014-2018 жж.) Мәдина Жарбосынованың, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың, ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабоның  және т.б. баяндамалары тыңдалды.

Конференция соңында қатысушылар ЕҚЫҰ мен оның құрылымдары  күн тәртібі бойынша дәстүрлі диалогты ілгерілете отырып, Ұйымға қатысушы елдер тап болып отырған жаңа қатерлер мен қарсы іс-қимылға белсенді жұмылуға назар аудару керек деген пікірге келді.

Өзгелердің жаңалығы