Астанадағы Astana IT University базасында жасанды интеллект бойынша екінші халықаралық Жазғы мектеп – AI Summer School 2025 басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараны NNEF қоғамдық қоры мен University Alliance of Science and Technology университеттер альянсы ұйымдастырды. Альянс құрамында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (IITU), Astana IT University, Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) және Халықаралық бизнес университеті (UIB) бар.
AI Summer School 2025 – бұл Германия, Түркия, Латвия, Украина және Қазақстаннан келген университет басшылары, профессорлар, зерттеушілер мен IT-сарапшыларды біріктіретін бірегей білім беру жобасы.

Жазғы мектептің мақсаты – қатысушыларды жасанды интеллектінің заманауи технологияларымен таныстырып, олардың басқару, білім беру, бизнес пен күнделікті өмірде қалай қолданылатынын көрсету.
Негізгі бағыттар:
- оқу бағдарламаларына ЖИ технологияларын кіріктіретін профессорлық құрамды практикалық оқыту;
- басқарушылардың цифрлық сауатын арттыру және жобалық басқаруда, қаржы, HR мен маркетинг салаларында ЖИ қолдану;
- университеттер, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы көпсалалы әріптестікті дамыту;
- нақты нәтижелермен ЖИ жобаларын командамен әзірлеу.
Жасанды интеллект – бұл жаңа электр энергиясы. Ол ауыл шаруашылығынан бастап өнеркәсіпке дейін барлық салаларға еніп жатыр. Мұндай жазғы мектептер жаңа ойлауды қалыптастыруда және жеке тұлғаның трансформациясында маңызды рөл атқарады. Бұл бастамалар еліміз бойынша кеңінен таралады деп сенеміз, ол Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттерге қолдау болады, - дейді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Индустрия және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубированың айтуынша, министрлік ЖИ-ді өнеркәсіп, геология және құрылыс саласына енгізуді қолдайды. AI Summer School секілді бастамалар болашақ мамандарды цифрлық трансформацияның қозғаушы күшіне айналдырады.

Жетекші ЖОО-лардан сарапшылар мен жас зерттеушілерді біріктіре отырып, біз Қазақстанның ЖИ саласындағы жаһандық күн тәртібінде лайықты орын алуына жол ашатын интеллектуалдық негізді қалыптастырамыз. Бұл мектеп – сол жолдағы маңызды қадам. Біз білім беру бағдарламаларына, ғылыми инфрақұрылым мен ЖИ бастамаларын қолдау экожүйесіне жүйелі түрде инвестиция саламыз, - деп айтты NNEF ҚҚ цифрлық трансформация жетекшісі Лаура Саламат.
AstanaITUniversityректоры Асқар Хикметов AI Summer School – бұл жай ғана жазғы мектеп емес, ЖИ-ді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы деп санайды.

Бізде ЖИ ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, жаңа оқу бағдарламалары енгізілді, халықаралық әріптестік дамып жатыр. Біз болашақтың бір бөлігі болуды ғана емес, оны өзіміз қалыптастыруды мақсат етеміз, - деді ол.
Бағдарлама аясында:
- EPFL, ETH Zurich, University of Twente, Dortmund University, Gazi University, Назарбаев Университеті, ҚР Цифрлық даму министрлігі және жаһандық ІТ-компаниялардан 30-дан астам спикер;
- General және Technical білім беру тректері;
- Тақырыптар: reasoning AI, generative AI, машиналық және терең оқыту, ЖИ-дің финтех, агротех, білім және энергетика салаларындағы қолданылуы;
- Командалық жобалар және нәтижені қорғау.
Мектеп соңында қатысушыларға сертификаттар табысталады.
ЖИ – бұл жай технология емес, болашақтың кілті. Біз ғаламдық цифрлық бәсекеде ел жастарының интеллектуалдық әлеуетін арттыруымыз керек. IITU-де кадрларды даярлау бакалавриаттан бастап PhD бағдарламаларына дейін қамтиды. Дарынды студенттер ЖИ-агенттер мен когнитивтік модельдермен нақты жобаларда жұмыс істейді, - деді IITU ректоры Асылбек Исаxов.
ҚБТУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әсел Жұмасейтова мұнай-газ, химия, геология, қаржы, жоба менеджменті салаларында жұмыс істейтіндер де пайдаланатынын айтты.
Бүгінде ЖИ – барлық салаларда қолданылатын әмбебап құрал. Оған мұнай-газ, химия, геология, қаржы, жоба менеджменті де кіреді. Әсіресе, мектеп бағдарламасында ЖИ этикасы жайлы тақырыптардың қамтылуы – технологиялық болашаққа саналы әрі жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді, - деді Әсел Жұмасейтова.
"Halyk" қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ЖИ-ге қатысты пікірін ортаға салды.

Жасанды интеллект күнделікті өміріміздің барлық саласына еніп келеді. Біз осы саладағы білім мен тәжірибе алмасуға қолдау көрсеткенімізге қуаныштымыз. Жазғы мектепке қазақстандық қана емес, шетелдік сарапшылар мен мамандардың қатысуы – біз үшін құнды. Мектеп аясында білім беру саласындағы ЖИ мәселелері кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданады деп сенеміз, - деп атап өтті ол.