Астанадағы құрылыс алаңында тұрған бірнеше көлік жасөспірімдердің "ойынының" құрбаны болды. Олар көліктердің капотына секіріп, әйнектері мен фараларын сындырған. Көлік иелері – жақын маңдағы үйлердің тұрғындары, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, полицейлер вандалдық әрекетке қатысы бар жасөспірімдердің жеке басын анықтады. Қылмыстық іс қозғалды, ал келтірілген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Нәтижесінде, олардың ата-аналарына айыппұл салынып, мүліктік залалды өтеуге міндеттеледі. Сонымен қатар, бұл оқиға балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады.
Айта кетейік, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін заң бойынша 60 АЕК-ке дейін (шамамен 236 мың теңге) айыппұл не 30 тәулікке дейінгі қамауға алу көзделген.