Астанада жаңа газ жылу станциясы биыл іске қосылады

31 Тамыз 2026, 10:41
АВТОР
 Астана қаласының әкімдігі 31 Тамыз 2026, 10:41
31 Тамыз 2026, 10:41
107
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада биыл жылу өндіру қуаты сағатына 620 Гкал болатын «Телман» газ жылу станциясын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, елорданы күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстары көктемнен басталған. Қазір жылу энергетикасы кешенін жөндеу және жаңғыртумен қатар, жаңа инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр.

Биыл ЖЭО-1-де 10 қазандық пен 3 турбинаны, ЖЭО-2-де 14 қазандық пен 6 турбогенераторды жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, 7,5 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден өтіп, реконструкцияланады.

Электр желілері де жаңартылады. Жоспар бойынша 67,4 шақырым әуе және кабель желісі, 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пункт, сондай-ақ электр желісі инфрақұрылымының өзге де нысандары жөнделеді,- деп бөлісті әкім.

«Телман» станциясы биыл іске қосылады

Қаланың қарқынды дамуына байланысты жаңа жылу қуаттарын іске қосу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Соның бірі – «Телман» газ жылу станциясы.

Нысанның жылу өндіру қуаты сағатына 620 Гкал болады, оны биыл іске қосу жоспарланған, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Сонымен бірге ЖЭО-2-дегі су жылытатын қазандықты кеңейту және реконструкциялау көзделген. Мұнда №7 және №8 су жылытатын қазандықтар орнатылады. Нәтижесінде станцияның жылу қуаты сағатына тағы 360 Гкал-ға артады. Жаңа жабдықтарды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қаланың бекітілген бас жоспарына сәйкес «Оңтүстік-Шығыс» және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станцияларын кеңейту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Екі нысанның жалпы жылу өндіру қуаты сағатына 940 Гкал болады.

Әкімнің сөзінше, бұл жобалар елорданың жылу өндіру қуатын арттырып, қажетті резерв қалыптастыруға және қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін инженерлік жүйелердің сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Наверх