Астанада есірткінің ірі партиясын елордаға жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Полиция 20 жастағы ер адам мен 18 жастағы қызды ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері елордаға кіреберістегі бекеттердің бірінде күдіктілер отырған KIA автокөлігін тоқтатқан. Көлік салонын тінту кезінде ішіне екі вакуумдалған пакет салынған қорап табылды. Пакеттерде ақ түсті ұнтақ болған.
Сараптама тәркіленген заттың мефедрон екенін растады. Оның салмағы екі келіні құраған.
Күдіктілер тұрған пәтерден де бір келіге жуық мефедрон және оны өлшеп, орауға арналған заттар табылды. Жалпы салмағы үш келіден асатын есірткі мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткіні жеткізу және тарату арналарын анықтап, олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.