Астанада ұлттық хореографияға арналған тұңғыш энциклопедияның тұсаукесері өтті

1 Желтоқсан 2023, 19:02
4189
Бөлісу:
Астанада ұлттық хореографияға арналған тұңғыш энциклопедияның тұсаукесері өтті
Фото: Қазақ ұлттық хореография академиясы

Қазақ ұлттық хореография академиясында «Қазақстанның хореографиялық өнері» энциклопедиясының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазақстанның хореографиялық өнері: тұлғалар, спектакльдер, топтар» энциклопедиясы Қазақстанның ұлттық хореография өнерінің 1934 жылдан бүгінгі күнге дейінгі даму үдерісін көрсететін ұлттық хореография тарихындағы тұңғыш көлемді анықтамалық басылым болып табылады.

Басылымда Қазақстанның ұлттық хореографиясының біртұтас бейнесі жиналды: оның шығу тегі, қалыптасуының негізгі кезеңдері және мәдениет қайраткерлерінің өмірбаяны, маңызды спектакльдер, шығармашылық ұжымдар мен конкурстық-фестивальдық қозғалыстардың қалыптасу тарихы арқылы жарқын жетістіктері көрсетілді.

Қазір энциклопедияға мемлекеттік наградалары бар қайраткерлер кірді, олар халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылады, бірақ алдағы уақытта біз 20 жылдан астам сахнада жетекші партияларда билеген барлық орындаушыларды қосуды жоспарлап отырмыз. Спектакльдерге тоқталып кетсек, кітапқа ұлттық және авторлық спектакльдер кірді, бірақ болашақта оған әртүрлі нұсқалары бар классикалық мұра спектакльдері де енеді, - дейді жоба жетекшісі Гүлнар Жұмасейітова.

Астанада ұлттық хореографияға арналған тұңғыш энциклопедияның тұсаукесері өтті

Энциклопедияда отандық театрлар мен шығармашылық ұжымдардың сахнасында балет спектакльдерін жасауға қатысқан белгілі қазақстандық балет солистері мен халық биін орындаушылардың, балетмейстерлердің, хореографтардың, композиторлардың, либреттистердің, сценографтардың, суретшілердің; ұлттық хореографияны зерттеуге үлес қосқан педагогтар мен зерттеушілердің дербес және шығармашылық деректері ұсынылған. Кітапқа 248 тұлға, 180 спектакль, 32 шығармашылық ұжым, 5 оқу орны, 9 хореографиялық байқаулар мен фестивальдар бойынша мақалалар енгізілген.

Бұл ғылыми жоба Қазақстанның мәдениеті мен өнерін сақтау және танымал ету мақсатында жасалған. Энциклопедия 3 бөлімнен тұрады: «Тұлғалар», «Спектакльдер», «Ұжымдар». Конкурстар мен фестивальдар». Әрбір бөлімдегі өмірбаяндық және тақырыптық мақалалар энциклопедия талаптарына сәйкес алфавиттік тәртіппен орналастырылып, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарияланған.

Астанада ұлттық хореографияға арналған тұңғыш энциклопедияның тұсаукесері өтті

Энциклопедияның бас редакторы Әсел Мусинованың айтуынша, 3 жыл ішінде энциклопедия жарыққа шығу үшін, шамамен 12 адам атсалысқан. Сондай-ақ мақала авторлары, аудармашылар, дизайнерлер және техникалық қызметкерлер тартылды. Кітап 200 дана тиражбен шықты. Баспа форматында жарияланған энциклопедия негізінде аттас электрондық нұсқа – қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі мамандандырылған веб-сайт жасалды: http://kazchoreography.kz

Сайт аудиторияны үнемі кеңейтуге және Қазақстанда да, әлемнің кез келген жерінде де зерттеушілерге, кәсіпқойларға және хореографияны сүйетіндерге ақпаратты қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Кітап Қазақ Ұлттық хореография академиясының «ONER Lab» ғылыми-шығармашылық зертханасы базасында, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында жарық көрді. Авторлары Қазақ ұлттық хореография академиясының жетекші оқытушылары, магистранттары мен докторанттары, сондай-ақ Қазақстанның басқа да жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері болды.

Өзгелердің жаңалығы