Астанада түлектер арасында жаңа тренд пайда болды

Елордалық түлектер арасында мектеп бітіру кеші жаңа форматқа көшті.

Бүгiн 2026, 17:42
АВТОР
 gov.kz Бүгiн 2026, 17:42
Бүгiн 2026, 17:42
359
Фото: gov.kz

Астанада мектеп бітіруші түлектер арасында жаңа үрдіс қалыптасып келеді. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, биыл түлектердің шамамен 70 пайызы дәстүрлі мейрамханаларда өтетін салтанатты кештерден бас тартып, мектеп қабырғасында қарапайым әрі мазмұнды форматта қоштасуды таңдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл қадам мектеп бітіру кешінің мәнін сән-салтанатпен емес, рухани құндылықтармен ұштастыруға бағытталған. Түлектер үшін ұстаздарға алғыс айту, сыныптастарымен естелік сәттерді бөлісу және мектеппен тағылымды түрде қоштасу маңыздырақ болып отыр.

Қалалық білім басқармасының дерегіне сәйкес, мұндай шешім ата-аналарға түсетін қаржылық жүктемені азайтып қана қоймай, әлеуметтік теңсіздік пен артық даңғазалықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастар арасында қарапайымдылық, жауапкершілік және тәрбиелік құндылықтарды дәріптеуге оң әсер етуде.

Биылғы түлектердің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық бастамаларға белсенді қатысуы. Олардың бір бөлігі балалар үйлеріне көмек көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау білдіруде. Сондай-ақ ағаш отырғызу, көгалдандыру және тазалық акцияларына қатысып, қоғамға пайдалы істерге атсалысып жатыр.

Солардың қатарында елордадағы №101 жалпы орта білім беретін мектептің түлектері де бар. Олар балалар үйіне барып, тәрбиеленушілерге ойыншықтар мен қажетті киім-кешектер табыстаған. Түлектер бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қайырымдылық шарасы арқылы жанашырлық пен мейірімділіктің үлгісін көрсетті.

Сонымен қатар мектеп бітірушілер өз қатарластарын да осындай игі бастамаларды қолдауға және қоғамға пайдалы іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Білім саласы өкілдерінің пікірінше, мұндай бастамалар жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, мектеп бітіру мәдениетінің мазмұнын өзгертіп келеді. Қарапайым форматтағы кештер бір жағынан қаржылық шығынды азайтса, екінші жағынан түлектерді қоғамға пайдалы іс жасауға ынталандырады.

Наверх