Астанада серозды менингиттің 52 жағдайы тіркелді: Науқастардың басым бөлігі – балалар

Эпидемиологиялық тергеп-тексеру нәтижесінде аурудың ықтимал қауіп факторлары анықталған

Бүгiн 2026, 15:29
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев Бүгiн 2026, 15:29
Бүгiн 2026, 15:29
226
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

2026 жылдың басынан бері Астана қаласында серозды менингиттің 52 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 35 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3,3-ті құрады. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астана қаласы мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаеваның сөзінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда серозды менингитпен сырқаттанушылық 1,4 есеге артқан.

 2025 жылы елордада 35 жағдай тіркеліп, көрсеткіш 2,3 болған. Балалар арасындағы аурушаңдық та 1,4 есеге өскен. Сонымен қатар Астанадағы көрсеткіш республикалық деңгейден 6,2 есе жоғары. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 0,53-ті құрайды, - дейді ол.

Серозды менингит – бас миы қабықтарының қабынуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Ауру көбіне жаз-күз мезгілінде, әсіресе шілде-қыркүйек айларында жиі тіркеледі. Оның негізгі қоздырғышы – энтеровирустар.

Вирустар адам ағзасына лас қол арқылы, жуылмаған көкөністер мен жемістерден, тағам өнімдері мен су арқылы, сондай-ақ ауа-тамшы жолымен жұғуы мүмкін. Әсіресе су айдындарында, бассейндерде және шомылуға арналмаған орындарда инфекция жұқтыру қаупі жоғары, - дейді дәрігер.

Эпидемиологиялық тергеп-тексеру нәтижесінде аурудың ықтимал қауіп факторлары да анықталған. Тіркелген жағдайлардың 19 пайызы қалалық субұрқақтарда шомылумен байланысты болса, 6 пайызы Бурабайдағы су айдындарында, 4 пайызы бассейндерде шомылған адамдар арасында тіркелген. Қалған 71 пайызы тұрмыстық байланыс, салқындау немесе нақты анықталмаған факторларға тиесілі.

Дәрігер сөзінше, қалалық субұрқақтарды шомылу орны ретінде пайдалану ерекше қауіп тудырады. Өйткені айналымдағы суда түрлі инфекция қоздырғыштары, соның ішінде энтеровирустар болуы мүмкін. Тіпті аз мөлшердегі суды кездейсоқ жұтып қоюдың өзі ауру жұқтыруға себеп болуы ықтимал.

Наверх