Астанада сәулет өнерінің ерекше туындысы пайда болды

24 Шілде 2023, 10:18
2254
Бөлісу:
Астанада сәулет өнерінің ерекше туындысы пайда болды
Фото: 24.kz

Мәсіге қойылған тас мүсін теміржол вокзалы мен әуежайға барар жолдың торабында орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24 -ке сілтеме жасап.

Көне үлгідегі етіктің мүсіні бас қалаға туристерді тартады деген сенім бар. Алып мәсінің тас мүсіні осыдан бірер ай бұрын Астананың Есіл ауданынан бой көтерген еді. Өзі бетоннан құйылып, түрлі түсті мальтамен безендірілген. Айта кетерлігі, мозайкаға арналған мұндай шыны қазір еш жерде кездеспейді. Жарты ғасыр бұрын өндірілген материал осыған дейін бір қоймада керексіз боп жатқан. Туынды авторлары оны іздеп-тауып, мүсінді құйғанша 1 жыл уақытын сарп еткен.

Арт-мүсін туралы көбірек ақпарат алғысы келетін жандар телефон камерасын тұғырындағы кьюарға бағыттаса болды - мәсінің тарихы, мән-мағынасы жазылған сайтқа шығасыз. Ал егер ең соңғы абзацтарда мән беретін болсақ, онда мәсінің оң аяғын үш рет сипаса, адамның жолы болады-мыс. Ендеше журналистердің жолы қашан ашық болсын деген ниетпен мен де үш рет сипап өтейін, - дейді тілші Бақыт Топтаева.

Мүсінші Мансұр Смағамбетовтың айтуынша, бұл ырымның өз сыры бар. Өткен ғасырда ағылшын ғалымдары Жетісу өңірінен әйел адамға тиесілі мәсі тауып алған. Бүгінде сәнді етік Ұлыбританияның ұлттық музейінде сол қалпында сақталып тұр. Тұманды Альбионға жеткен құнды жәдігер жалпақ жұртқа қазақ мәдениетінен сыр шертеді. Мәсінің таңқаларлық тарихына үңілген авторлар жолы жұғысты болсын деген ниетпен осындай ырым шығарады.

Ең біріншіден, мүсінді динамикадағы, яғни қозғалыс кезіндегі қалпын түсірдік. Бір қарағанда кетіп бара жатқан әсер қалдырады. Яғни, сол аяқтың өкшесі көтерілген. Ал оң аяқ жай ғана тұр. Бірақ оң аяқтың қазақтар үшін мәнісі бөлек қой. Ұйқыдан тұрғанда оң аяқтан тұрып, табалдырықты оң аяқпен аттауға тырысамыз. Мына жерде оң аяқ нық тұр. Сол себептен, оны сипаған адамдардың жолы болып, бастаған ісі сәтімен аяғына дейін жетсе деген ниетпен осылай қылып жасадық, - дейді мүсінші Мансұр Смағамбетов.

Тұрғындар мен қала қонақтарына қызық болар жобаны құрылыс компаниясы мен мәдениет және спорт министрлігі қолдады.

Осы сияқты бірегей туындыларлың санын арттыру қажет. Тек ол үшін шығармашылық қауымды қолдаумен қатар, оған тиісті талап қойылса, -дейді Мансұр Смағамбетов.

Біз ұзақ жылдар бойы дайын авторлық туындыларды тұтынып келдік. Яғни, қала көшелерінде Спанч боб, Тақтар ойынының кейіпкерлерін орнаттық. Бұның бәрі Батыстағы шығармашылық адамдардың жеке меншігі. Яғни бөтеннің шығармашылық туындысының заңсыз көшірмесі. Енді бізде өзіміздің төл шығармаларды жасау қажеттілігі туындап тұр. Шетелдік туристерге сол қызық болар еді. Өйткені, олар бізге ұлттық кодымызды, тарихымызды, мәдениетімізді тану үшін келеді,- дейді мүсінші Мансұр Смағамбетов.

Шығармашылық арқылы талай мемлекет туризмді ілгерлеткен. Мысалы, Маямидің ең кедей, криминалды аудандарының бірі бүгінде туристер ағылатын мекенге айналды. Мұндағы көше көше емес, алуан түске малынған галлерея сияқты. Үйлердің қабырғалары мен қоршаулардағы муралдар көз тартады. Ал біздің елде креативті туризм ұғымы әлі қалыптаса қоймады. Дегенмен, саланы дамытудың алғашқы қадамдары жасалуда. Құзырлы ведомствоның өкілі әрі креативті индустрия сарапшысы осындай жобаның қолға алынғанын айтады.

Бұл жобада қалалықтардың өмір сүруіне қолайсыз локацияларды стрит-арт, өнер және шағын сәулет мүсіндерінің көмегімен тартымды етпекпіз. Мысалы, Қарағандыда Станиславский атындағы театр бар. Өкінішке қарай, ғимараттың ту сырты сұрықсыз, шашылып жатқан еді. Қалалық әкімдік, шығармашылық топ бар, бәріміз бірлесе аумақты тазартып, ғимараттың қасбетіне мурал салғыздық. Қазір ол жерді абаттандырып жатыр. Алдағы уақытта қалалықтар демалатын саябаққа айналады,- дейді мәдени-креативті индустрия саласының сарапшысы Ирина Харитонова.

Музыкалық фестиваль, көрме, әйгілі өнер адамдарының шеберлік сабақтары – міне, осының бәрі креативті туризмнің жарқын мысалдары.

Сарапшы Ирина Харитонованың сөзінше, Қазақстанда креативті туризмді дамытуға шығармашылық қауымдастық, бизнес пен мемлекеттің өзара ықпалдастығы ауадай қажет.

Өзгелердің жаңалығы