Астанада саңырауқұлақ инфекциясы тіркелгендердің көбі – балалар

1 Қазан 2026, 11:24
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 1 Қазан 2026, 11:24
1 Қазан 2026, 11:24
135
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Астанада 2026 жылдың алғашқы сегіз айында саңырауқұлақ ауруларының 15 жағдайы тіркелді. Оның 11-і – 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маманның мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңінде қалада 19 жағдай анықталған. Оның 14-і балалар арасында тіркелген.

Саңырауқұлақ инфекциялары теріні, шашты және тырнақты зақымдауы мүмкін. Қоздырғыштар адамнан адамға, ауру жұқтырған жануарлардан, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын сүлгі, киім, аяқ киім мен басқа да заттар арқылы беріледі. Ал душ бөлмелері, бассейндер, сауналар мен спорт залдары сияқты жылы әрі ылғалды орындар инфекцияның таралуына қолайлы жағдай туғызады.

Жеке заттарды ортақ пайдаланбаған жөн

Жанна Пралиева инфекцияның алдын алу үшін сүлгі, шұлық, аяқ киім, бас киім, тарақ, төсек-орын жабдықтары мен маникюр құралдарын басқа адамдармен ортақ пайдаланбауға кеңес береді.

Шұлықты күн сайын ауыстырып, аяқтың жақсы желдетілуіне мүмкіндік беретін ыңғайлы аяқ киім таңдаған жөн. Қоғамдық душта, бассейнде, саунада және киім ауыстыратын бөлмелерде жеке резеңке тәпішке кию қажет.

Тері мен тырнақтағы ұсақ сызаттар да инфекцияның енуіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан маникюр және педикюр кезінде жеке құралдарды қолдану немесе олардың тиісті түрде өңделіп, залалсыздандырылғанына көз жеткізу маңызды.

Инфекция жануарлардан да жұғуы мүмкін

Үй жануарларының денсаулығына да назар аудару қажет. Мысықтар мен иттерде жүннің түсуі, терінің қабыршақтануы немесе басқа да әдеттен тыс өзгерістер байқалса, ветеринарға көрсету керек. Жануармен байланыста болғаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуған жөн.

Қандай белгілерге мән беру керек?

Маман теріде, шашта немесе тырнақта мынадай өзгерістер пайда болса, дәрігерге қаралуға кеңес береді:

  • терінің қышуы, қызаруы немесе қабыршақтануы;
  • дөңгелек пішінді не біртіндеп ұлғайып келе жатқан дақтар;
  • аяқ саусақтарының арасындағы терінің жарылуы;
  • тырнақ түсінің, пішінінің немесе қалыңдығының өзгеруі;
  • шап аймағындағы қышу мен бөртпелер;
  • бас терісінің қабыршақтануы немесе шаштың түсуі.

Дегенмен кез келген қызару, бөртпе немесе қабыршақтану саңырауқұлақ инфекциясын білдірмейді. Басқа тері ауруларының белгілері де ұқсас болуы мүмкін. Сондықтан өз бетінше диагноз қойып, ем қабылдамай, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Астана тұрғындары №3 көпбейінді қалалық аурухананың дерматологиялық блогына жүгіне алады.

Жанна Пралиева саңырауқұлақ ауруын кез келген адам жұқтыруы мүмкін екенін, оның болуы гигиенаның нашарлығын білдірмейтінін атап өтті. Инфекциядан қорғанудың негізгі жолы – алдын алу шараларын сақтау және күдікті белгілер байқалғанда дәрігерге дер кезінде қаралу.

Наверх