Астанада «Самға, Balapan!» жүлдесін табыстау салтанаты өтті

27 Мамыр 2023, 13:40
594
Бөлісу:
Астанада «Самға, Balapan!» жүлдесін табыстау салтанаты өтті
Фото: BAQ.KZ

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Самға, Balapan!» балалар фестивалі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараға Мәжіліс және Сенат депутаттары, журналистер мен республикалық балалар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дәстүрлі түрде өтетін іс-шараның биылғы ерекшелігі - өз замандастары арасында ізгі әрекеттерімен, батылдығымен, еңбекқорлығымен, білім мен ғылымға, өнерге құштарлығымен дараланған балаларға «Самға, Balapan!» жүлдесі табысталды. Бұл - «Balapan» телеарнасының Редакциялық алқасының шешімімен берілетін арнайы марапат.

Фестивальдің «Бала батыр» номинациясы 2022 жылғы 3 желтоқсан күні Атырау қаласындағы Жайық өзенінің жағасында достарын судан аман алып қалған Дінмұхаммед Жаңбырбайға, «Спортшы балапан» номинациясы 9 жасқа дейінгі балалар арасында шахматтан Әлем чемпионы, G09 бойынша FIDE рейтингінің басында тұрған Аланна Берікқызына, «Өнертапқыш бала» аталымы робототехника бойынша халықаралық байқаулардың жеңімпазы, алматылық 13 жастағы Диас Мұратовқа, «Қамқор бала» номинациясы Ақмола облысы Атбасар ауданының 10 жастағы тұрғыны, республика бойынша ең жас ерікті Ксения Пелих пен қарияларға көмек қолын созып жүрген Астана қаласындағы №15 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Әмина Темірхановаға табысталды.

«Самға, Balapan!» жүлдесінің «Менің сүйкімді кейіпкерім» арнайы номинациясын көрермен көзайымына айналған «Жібек» анимациялық мультсериалының басты кейіпкері иеленді. Жеңімпаз «Balapan» телеарнасының веб-ресурстары арқылы көрермендер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде анықталды.

Номинанттарды іріктеуге ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ұлттық волонтерлер желісі» бірлестігі атсалысты. «Самға, Balapan!» фестивалі болашақта балаларды игі істерге шақыратын бірегей алаңға айналады. Қоғамды ізгілендіру, оның негізгі мүшесі балаларды ынталандыру, инклюзивті мәдениет қалыптастыру «Balapan» арнасының басты әлеуметтік міндеттерінің бірі, - деді телерадиокорпорацияның Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Шараның телевизиялық нұсқасы «Balapan» телеарнасынан 1 маусым күні сағат 13:30-да көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы