Астанада қызылша ауруы бойынша эпиджағдай тұрақсыз

3 Қараша 2023, 12:54
798
Бөлісу:
Астанада қызылша ауруы бойынша эпиджағдай тұрақсыз
Фото: BAQ.KZ - архив

Елордада қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Айтуынша, бас қалада аталған ауру бойынша ең алғашқы жағдай наурыз айында тіркелген.

Осы кезеңнен бастап қызылшаға күдікті 1119 жағдай анықталды. Оның ішінде – 14 жасқа дейінгі балалар арасында 848 жағдай кездесті. 1 қарашадағы жағдай бойынша, қызылша ауруы 511 науқаста расталды. Ересектер арасында – 89 жағдай, 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында – 14 жағдай байқалды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 408 жағдай тіркелді, яғни 79,8 пайызды құрайды. Оның ішінде ең көп жағдай төрт жасқа дейінгі балаларға тиесілі, яғни 325 бала ауырды, - деп атап өтті елорданың бас санитар дәрігері.

Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы екпе алғандардың 23 жағдайы орын алған.

Вакцина алмағандардың үлес салмағы 82,2 пайыз, оның ішінде вакцинациядан өз еркімен бас тарту себебі бойынша 43 пайыз (220 жағдай). Медициналық қарсы көрсетілімі бойынша 21 пайыз (106 жағдай) және ересектердің 18,2 пайызында вакцинация туралы деректердің жоқ болуы. Бүгінгі күні Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе екі рет: ол 1 жаста және 6 жаста жүргізіледі, - деді Сархат Бейсенова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елде қызылша ауруының неліктен өршіп тұрғанына қатысты пікір білдірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы