Астанада Құрылтай мен ТүркПА ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды

Астанада Құрылтай мен ТүркПА өкілдері кездесіп, түркі елдері парламенттері арасындағы байланысты нығайту мәселесін талқылады.

1 Қазан 2026, 16:13
АВТОР
 Құрылтайдың баспасөз қызметі 1 Қазан 2026, 16:13
1 Қазан 2026, 16:13
153
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай спикері Айбек Дәдебай Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Рамиль Гасанды қабылдады. Тараптар Құрылтай мен ТүркПА арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Кездесуде Айбек Дәдебай тамыз айында өткен Құрылтай сайлауындағы ТүркПА бақылаушылар миссиясының жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Құрылтай бауырлас түркі елдерінің парламенттерімен тығыз қарым-қатынас жасау дәстүрін жалғастыратынын айтты.

Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысқа Қазақстан ерекше басымдық береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі айтып жүр. Біз – бауырлас халықпыз, тарихымыз бен мәдениетіміз ортақ. Осы байланыстарды одан әрі нығайта түсуіміз керек. Біздің елдеріміздің парламентшілері мұны жақсы түсініп, түркі бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келеді. Бұл ретте, ТүркПА-ның түркі интеграциясындағы алатын орны ерекше, – деді Айбек Дәдебай.

Өз кезегінде Рамиль Гасан Айбек Дәдебайды Құрылтай Төрағасы қызметіне сайлануымен құттықтап, парламенттердің мемлекетаралық саясатты жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. ТүркПА Бас хатшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан Президент реформаларының бағытын жоғары бағалап, оның Қазақстан қоғамының игілігін арттыруға және еларалық қатынастарды дамытуға ықпалы зор екенін айтты.  

Әңгіме барысында Құрылтай Спикері жақында Қазақстанның ТүркПА ұйымына төрағалық ету мерзімі аяқталатынына тоқталды. Ол сонымен қатар, қазан айында Бішкекте өтетін Ассамблеяның 15-ші Жалпы отырысының маңыздылығын атап өтіп, оның нәтижесі Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық пен өзара нақты іс-қимылды одан әрі нығайтуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ, ТүркПА жұмысы мен парламенттер желісі бойынша алдағы іс-шараларға қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Наверх