Астанада «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының отырысы өтті

1 Шілде 2023, 08:20
849
Бөлісу:
Астанада «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының отырысы өтті
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдардың басшылары және дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 12-ші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Еуропалық Одақпен әріптестікті кеңейту Қазақстанның басымдықтарының бірі.

Республика сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға мүдделі. Атап айтқанда, мұндағы перспективалық бағыттар – «жасыл экономикаға» көшу және өзара көліктік байланысты нығайту. 

Экологиялық күн тәртібі Қазақстан экономикасының орнықты дамуында негізгі басымдықтардың бірі.

Мәселен, 2030 жылға қарай еліміз өзінің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ағымдағы 4,5%-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. 

Премьер-Министр сондай-ақ транзиттік-көлік ынтымақтастығы саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан маршруттың басқа қатысушыларымен бірлесіп Орта дәліздегі «тар жерлерді» синхронды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Сонымен қатар республика Орта дәлізді Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway бастамасымен ұштастыру бойынша еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. 

Жалпы Қазақстан мен Еуроодақтың “жасыл” экономика, көлік және логистика салаларындағы әріптестікті одан әрі тереңдету бойынша мүмкіндіктері көп», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы еуропалық әріптестеріне Әзербайжан мен Грузияға ресми сапары аясында келісілген ТХКБ-ны дамыту жөніндегі уағдаластықтар мен қол қойылған келісімдер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. 

ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын, бұл ретте жаңартылатын энергия көздері саласындағы жаңа жобаларды іске асыру және өзара көлік байланысын нығайту алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы