Астанада Оңтүстік Кореяның NUMORI тобы мен Қазақстанның Saz&Soul вокалды-аспаптық ұжымының бірлескен концерті өтті. Өнерпаздар екі елдің дәстүрлі музыкасын заманауи әуендермен үйлестіріп, көрерменге ерекше музыкалық кеш ұсынды.
NUMORI тобы корейдің дәстүрлі музыкасын K-pop, K-rock, электронды музыка және блюз-рок элементтерімен ұштастырған шығармаларды орындады. Ал Saz&Soul ұжымы қазақтың халық әндері мен күйлерін ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ұсынды.
Концерт бағдарламасына «Керім-ау, айдай», «Дудар-ай», «Сырғалым», «Сүгірдің термесі», «Махаббат – мәңгі ертегі» әндері, сондай-ақ «Ақжелең», «Сарыжайлау», «Жем суының тасқыны» күйлері енді.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – корейдің «Ариран» халық әнінің домбырамен орындалуы. Сонымен қатар, NUMORI тобы қазақтың «Назқоңыр» халық әнін орындап, тыңдарман ықыласына бөленді.
Концерт Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу бағытындағы жұмысы аясында ұйымдастырылды.