Астанада Қарулы күштердің үздік әскери қызметшілері марапатталды

16 Желтоқсан 2022, 11:47
1460
Бөлісу:
Астанада Қарулы күштердің үздік  әскери қызметшілері марапатталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қорғаныс министрлігінде «Әскер тарланы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты рәсімде мамандықтары бойынша үздік атанған әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Байқау жеңімпаздарын құттықтаған Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов олардың қызметте қол жеткізген жетістігі өз өмірін Отан қорғауға арнаған барлық әскери қызметшілер үшін үлгі екенін атап өтті. 

Астанада Қарулы күштердің үздік  әскери қызметшілері марапатталды

Сіздердің бүгінгі жеткен жетістіктеріңіз еңбекқорлық пен патриотизмнің жарқын дәлелі әрі өздеріңізге деген сенімнің жемісі деп білемін. Сол арқылы мыңдаған жүрекке сәуле түсіре білдіңіздер. Бұл марапат әскери қызметшілерді лауазымдық міндеттерін адал атқаруға ынталандырып қана қоймай, әскерге шақырылатын жастар мен өз өмірін әскери іске арнағысы келетін келешек буынның бойында әскери қызмет өткеруге қажетті дағдылар мен нағыз Отан қорғаушыға тән қасиеттерді қалыптастыруға қызмет ететініне сенімдімін, – деді қорғаныс ведомствосының басшысы. 

Байқау жеңімпаздарын анықтауда әскерлердің жауынгерлік қабілетін нығайтып, әзірлігін арттыруға күн сайынғы жанқиярлық еңбегімен үлес қосып жүрген әскери қызметшілерге басты назар аударылды. Осыған сәйкес 24 номинация бойынша үздік мамандар анықталды.

Астанада Қарулы күштердің үздік  әскери қызметшілері марапатталды

Гвардейск гарнизонындағы танкистер құрамасының жауынгерлік машина командирі сержант Ақылжан Қабдуловтың экипажы жауынгерлік дайындықта үнемі үздік нәтижелер көрсетіп келеді. «Айбалта-2022» оқу-жаттығуында кәсіби шеберлігімен танылған танк командирі биылғы жылдың үздігі атанды. 

Аягөздегі танкистер құрамасының механик-жүргізушісі сержант Бейімбет Бөдесов те өз ісінің кәсіби маманы ретінде халықаралық армия ойындарының «Танк биатлонында» қашықтықтан өту кезінде рекордтық нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. 

Астанада Қарулы күштердің үздік  әскери қызметшілері марапатталды

Сержант Дастан Әліповтың басшылығымен Үшарал гарнизонындағы механикаландырылған құраманың артиллериялық зеңбірек есептобы әскери бөлім мен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің деңгейінде жүргізілген практикалық атыстар барысында бірнеше рет жеңімпаз атанды.

«Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі 3 дәрежелі капитан Рауан Еркебеков те өзіне сеніп тапсырылған экипажды оқытуда шеберлік танытып келеді. Оның дәлелі ретінде қазақстандық теңізшілердің Әзербайжанда өткен «Теңіз кубогы» байқауында табысты өнер көрсеткенін атап өтуге болады. 

Әуеде ұрыс жүргізудің жаңа тәсілдерін игеруде Шымкент авиабазасы майдан авиациясының аға ұшқышы капитан Олжас Сахи биіктікті бағындырып келеді. 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері инженерлік оқ-дәрілер қоймасы взводының сержанты аға сержант Жеңісбек Сейсеуов білім-білігімен қоса ерекше қырағылықты талап ететін инженерлік істе үздік маман болып танылды.

Жыл сайынғы кәсіби жарыстың нәтижесі бойынша Қарулы күштердің үздік мергені атағы теңіз жаяу әскерлері құрамасының взвод сержанты аға сержант Әсілбай Исмайылға берілді. 

Абай гарнизонындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінің қызмет бастығы майор Азамат Сақуанов әуе қорғанысы құралдарын пайдалану мен жөндеуді үлгілі ұйымдастыруымен ерекшеленді. 

ҰҚШҰ-ның «Эшелон-2022» оқу-жаттығуында өзіне жүктелген тапсырмаларды орындаудағы жоғары кәсібилігі үшін астаналық материалдық-техникалық қамтамасыыз ету базасының бөлімше бастығы сержант Жандарбек Хайрушев үздік маманы атанды. 

5-механикаландырылған құрама батальонының автоматтандырылған басқару және байланыс жүйелерінің бастығы 3-сыныпты сержант Бағлан Текеев далалық жағдайларда бөлімшелерді байланыспен қамтамасыз етудегі күрделі жұмысты сауатты ұйымдастырғаны үшін үздік деп танылды.

Орта және кіші медициналық персоналдың еңбегін тиімді ұйымдастырғаны үшін Қорғаныс министрлігі әскери емханасының бас медбикесі 3-сыныпты сержант Жадыра Тұрсынбаева да үздіктер қатарынан орын алды. 

Астанада Қарулы күштердің үздік  әскери қызметшілері марапатталды

«Батыл Тойтарыс-2022», «Айбалта-2022» оқу-жаттығулары барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің РХБҚ батальонының взвод сержанты аға сержант Әлібек Момбеков радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаудың маңызды міндеттерін орындады. 

«Үздік жауынгер-спортшы» атағын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттар ротасының взвод командирі аға лейтенант Бағдат Амен жеңіп алды. Ол әскери көпсайыстан спорт шебері. Спорттық бағдарлау жарыстарында Қазақстан чемпионы, әскерилендірілген кросстан ТМД чемпионы атанған спортшы. 

Сарыөзектегі шабуылдау құрамасы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Айдос Мальтаев жеке құрамның қажетті моральдық-психологиялық жай-күйін қалыптастыру мен сақтау жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра білгені үшін «Үздік офицер-тәрбиеші» атанды.

Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімнің рота сержанты 
3-сыныпты сержант Еламан Таужан жоғары кәсіби қасиеттерімен ерекшеленіп, «әскери барлаудың үздігі» деп танылды.

Жыл сайынғы кәсіби байқауда топ жарып жүрген теңіз жаяу әскерлері құрамасының зениттік дивизион сержанты 3-сыныпты сержант Ермек Зайлағи сержанттар корпусының үздік өкілі атанды. 

«БҰҰ Ливандағы уақытша күштері» миссиясындағы міндеттерін орындаудағы жоғары нәтижесі үшін рота командирінің орынбасары капитан Марат Абраманов «үздік бітімгер» атанды. 

Қорғаныс министрлігі Экономика және қаржы департаментінің аға офицері капитан Ерлан Оңдас «қаржы қызметінің үздік маманы» атанды. Кәсіби маманның қаржылық мониторинг пен талдау негіздерін жақсы меңгерген тәжірибесі қорғаныс ведомствосы бюджетінің тиімді және мақсатты орындалуына оң ықпал етіп келеді.

Қорғаныс ведомствосының қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін Қорғаныс министрлігі Заң департаменті бастығының орынбасары полковник Саят Жанғұлов «үздік заңгер» номинациясымен марапатталды. 

Қарулы күштердің «үздік оқытушысы» полковник Александр Ладыгин Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттарын әскери топографияға үйретіп қана қоймай, заманауи технологияларды қолдана отырып, белсенді ғылыми қызмет те атқарады. 

Тәулік бойы әскерлердің күнделікті қызметін бақылауды ұйымдастыратын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының қызмет бастығы подполковник Нұржан Мұсаев «үздік жедел кезекші» деп танылды. 

«Әскери полицияның үздік қызметкері» режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жасағының аға маманы, Қорғаныс министрлігінің объектілерін күзетуді жүзеге асыратын ефрейтор Ринат Түсіповке табысталды. 

Кадр органдары мамандары арасында «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы подполковник Қазан Қазыбаев үздік атанды. 

Байқауды ұйымдастыру комитетінің бірауыздан қабылдаған шешімімен бұл жолы сержант Нұршад Мардановтың отбасы ең тату әрі үлгілі отбасы деп танылды. Әскери қызметші мен жұбайы бес бала тәрбиелеп отыр, Олардың екеуі қазірдің өзінде әскери адам болу туралы шешім қабылдап қойған.

Салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылған лауреаттардың туыстары мен жақындары атап өткендей, Отан қорғаушылар қатарында үздік деп танылған ұлдары мен жұбайлары, әкелері мен балалары олар үшін әрдайым мақтаныш.

Жыл сайын өтетін «Әскер тарланы» байқауы әскери қызметшілердің жеке әрі кәсіби өсуін ынталандыруға оң ықпал ете бермек.

Өзгелердің жаңалығы