Астанада Қарулы күштер әскери қатынастарының үздік бөлімшелері анықталды

18 Қараша 2023, 10:10
699
Бөлісу:
Астанада Қарулы күштер әскери қатынастарының үздік бөлімшелері анықталды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қарулы күштердің Тыл бастығы басқармасы ұйымдастырған оқу-әдістемелік жиындар «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ-ның базасында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кәсіптік дайындық сабақтарына мекемелер мен өңірлік әскери қатынастар басқармаларының бастықтары, темір жол комендатуралары мен Астана және Алматы халықаралық әуежайларының коменданттары қатысты.

Жиынға қатысушылар алдында сөз алған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов Қарулы күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесіндегі көлік байланысының ерекше рөлін атап өтті.

Биыл әскери қатынастар органдары үлкен жұмыс атқарды. Әскери қатынастардың «Астана», «Алматы», «Шығыс», «Батыс», «Орталық» және «Оңтүстік» өңірлік басқармалары құрылды. Көліктің барлық түрлерімен 80 мыңнан астам жеке құрам мен 100 мың тоннадан астам түрлі жүк тасымалданды, – деп атап өтті министрдің орынбасары.

Оқу-әдістемелік жиындар барысында Қарулы күштердің Тыл бастығы полковник Арман Мансұровтың басшылығымен әскери тасымалдарды ұйымдастыру, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдарына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Талқылауға қорғаныс, көлік, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері тартылды.

Отырысқа қатысушылар ерекше кезеңде әскерлер топтарын уақтылы орналастыру және толыққанды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау қорғаныс ведомствосының, мемлекеттік құрылымдардың және көлік ұйымдарының уәкілетті органдарының бірлескен күш-жігеріне байланысты екендігін атап өтті.

Генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов әскери қатынастар мекемелерінің қызметін қорытындылай келе 2024 оқу жылына бірқатар міндеттер қойды. Ол көлік объектілерінде қауіпсіздік шараларының сақталуын ерекше бақылауға алуды, көлік инфрақұрылымы объектілерін мемлекеттің қорғанысы мүддесінде дайын ұстау жөніндегі жұмысты жалғастыруды, әскери басқару органдарымен, Ұлттық инфрақұрылым операторымен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес, әскери тасымалдау құжаттарын тексеруді ұйымдастыруды тапсырды.

Қызмет нәтижелері бойынша үздік бөлімшелер марапатталды. Әскери тасымалдарды ұйымдастыру бойынша бірінші орынды «Алматы», екінші орынды «Шығыс», үшінші орынды «Оңтүстік» басқармалары иеленді. Теміржол тасымалын ұйымдастыруда Сарышаған әскери қатынастар комендатурасы үздік деп танылды. Әуе тасымалы бойынша Алматы халықаралық әуежайының әскери қатынастар комендатурасы ерекшеленді.

Өзгелердің жаңалығы