Астана қаласының прокуратурасы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыларды қылмыстық жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, үкімдер шығарылғаннан кейін қылмыстық кірісті өндіріп алу туралы азаматтық талап қою бойынша жұмысы атқарылуда.
Сот шешімімен екі қылмыстық іс бойынша прокурордың талап қою талаптары толық қанағаттандырылды.
Нәтижелері бойынша Instagram және TikTok әлеуметтік желісіндегі екі құмар ойынды ұйымдастырушыдан заңсыз жолмен алынған 124,8 млн теңгеден астам ақша өндірілді, - деп хабарлады қалалық прокуратура.
Елорда прокуратурасы арнайы лицензиясыз интернетте құмар ойындар мен лотереяларды ұйымдастыру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады. Заңсыз ойын бизнесінен ақша табу әрекеттері (соның ішінде Instagram және TikTok) белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.