Астанада инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

12 Ақпан 2019, 14:19
3581
Бөлісу:
Астанада инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін №85 мектеп-лицейінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру мақсатында инклюзияны қолдау кабинеті (ИҚК) ашылды.

Бүгінде «Болашақ» корпоративтік қоры «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстан бойынша аутизмге шалдыққан балаларға арналған кабинеттер ашып жатыр. «Болашақ» қайырымдылық қорының директоры Динара Чайжунусованың айтуынша, бұл кабинеттерде Даун синдромы, алалия, басқа да ментальды бұзулар секілді әртүрлі диагнозға шалдыққан балаларды оқыту жоспарда бар. Бұл – Астанадағы 5-мектеп. Қазақстанда тоғыз қаладағы 20 мектепте ИҚК ашылды.

Астанада инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

«Басты мақсат – аутизмі бар балалардың инклюзиясы. Осындай балалардың қоғамның толыққанды бөлігіне айналуына көмектесу басты мақсатымыз. Қазақстанда аутизм психикалық және менталды бұзушылық спектріне жатады. Кабинеттерде тьюторлар әр баланы жеке алып жүреді, барлық кезде баланың жанында болады. Мұндай шаралар балалардың қолдаусыз қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы жасалынып жатыр», - дейді Чайжунусова. 

Кабинет кураторы Еленаның айтуынша, ашылған кабинетте шамамен 10 бала бар. Диагноздары – аутистік спектр ауытқуы. 

«Олар ПМПК (психолого-медико-педагогикалық комиссия – авт) қорытындысынан кейін бізге келді. Барлығының қорытындысында «жеке бағдарлама бойынша жалпы білім беру мектебінде білім алу» деп жазылған», - дейді кабинет кураторы. 

Инклюзияны қолдау кабинеті төрт зонадан тұрады: жалы сабақ өтетін зона;   жеке сабақтар зонасы; жүктемені азайту зонасы, бұл жерде балалар фитбол, доппен ойнайды; мұғалімнің зонасы – әр кабинетте мұғалім бар, кәдімгі сыныптан айырмасы ол шағын топпен жұмыс істейді.  

ИҚК мұғалімінің басты жұмысы тьюторларға жеке бағдарламалармен дұрыс жұмыс істеуді оқыту, себебі осындай кабинетпен қатар әр балаға жалпы білім беру бойынша жеке бағдарлама бар. Балалар сыныпқа келген кезде тестілеуден өтеді. Қайталау тестілеу жарты жылдан кейін және жылды аяқтаған соң өтеді. 

Астанада инклюзияны қолдау кабинеті ашылды

1-сыныпта оқитын Азаматтың анасы Орынай баласының қазақша сыныпқа баратынын, ешқандай кедергі жоғын айтады. 

«Балам үшінші тоқсанды бастады. Кәдімгі 1-сыныпта оқиды. Өз қатарымен қалыптасып жатыр, соған қуаныштымын. Баламда денсаулық жағынан өзгерістер байқалды. Сөздік қоры көбейіп келеді. Ойын еркін жеткізе алады, ашылды. Бұрын қысылып, сөйлемей қалатын. Кез келген ортада өз-өзін ұстай алады. Үйде, не өзінен төмен балалар оқыса, дамымас еді. Жеке орталықтарға барамыз, логопедпен жұмыс істейміз», - дейді ата-ана.

Орынайдың екі баласы бар. Ақтаудан Астанаға балалары үшін көшіп келген. Қызы – балалардың сал ауруына шалдыққан. Қазір түзету мектебінде оқиды. Болашақта қызын да Азамат келетін мектепке ауыстырғысы келеді. 

«Ұлымның сабақ үлгерімі орташа. Оқып бастап жатырмыз. Бірінші бейімделу болды. Сыныбында «Әке-шеше және мен» деген жарысқа қатысып, 2-орын алды. Қатты қуанды. Бірінші күні мектепке келгенде қысылу ұялу болды. Қазір өзі сөмкесіне кітабын салып, киініп өзі кетеді. Бұрын ондай емес еді. Болашағына алаңдаймын. Өзі де өмір сүре алады дегенге сенімдімін. Мектеп бәрін үйретіп жатыр. Қоғам мұндай балалардан алшақтайды. Осындай мектептер өте қажет. Олар да Қазақстанның азаматы», - дейді ата-ана. 

Ата-ананың бірі баласының жалпы білім беретін сыныпта оқуына ешкім қарсы болмағанын айтты.

«Мектеп бірінші «сіздің балаңызбен жұмыс істейміз» деп келсімін беруі керек. Бірінші ата-аналар жиналысында ерекше  балам барын айттым. Сыныптағы барлық ата-ана қолдады. Адамдар қазір аз да болсын хабардар, дайын», - дейді ата-ана.

2015-2018 жылдар аралығында "Болашақ" қайырымдылық қорымен аутизмге шалдыққан балаларға және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 248 балаға инклюзиялық қолдау көрсетілді. Инклюзивті білім беру саласында 161 жұмыс орны құрылды. 20 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Білім беру, денсаулық сақтау салалаларының 800 астам маманы және ата-аналар инклюзивті білім беру мен мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқытудан өтті.
Назерке Абибулла 
Өзгелердің жаңалығы