Бүгін Астанада III Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Elorda.info сілтеме жасап.
Іс-шара елорданың 25 жылдығына орай қалалық әкімдік пен Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Оған әлемнің әр елінен келген театр әртістері қатысып жатыр. Олардың қатарында Қытай, Перу, Түркия, Сербия, Эстония, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның қуыршақ театрлары бар. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қостанай, Петропавл секілді 13 театр фестиваль аясында театрларда қойылымдар қояды. Сондай-ақ олар шеберлік сабақтарын өткізеді.
Мұндағы мақсат – әлемдік театрлар өкілдерімен шығармашылық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу, шеберлікті шыңдау.
Фестиваль алғаш рет 2015 жылдың 29 маусымы мен 2 шілде аралығында өтті. Ал ол 2018 жылы жалғасын тапқан болатын.
Ұйымдастырушылар елорданың қуыршақ театры ашылған күннен бастап әлемдік театрлармен достық байланыста екенін айтты.
Бүгінгі күнге дейін театр көптеген халықаралық театр додаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
I Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сияқты т.б мемлекеттер қатысты. Соның аясында «EURASIA PUPPET» - қуыршақ театрлары ассоциациясын құру» - меморандумына қол қойылды. Бұл меморандум театрлар арасындағы байланысты арттыра түсті. Нәтижесінде Қазақстанның қуыршақ театры әлемдік ұжымдармен достық қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып, өнер кеңістігінде құлашын кеңге сермеді, - деді Астанадағы «Қуыршақ» театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуат Ежембек.
Бұл фестивальдің өзіндік ерекшелігі де бар. Мұнда арнайы номинация жеңімпаздарын Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» жанынан құрылған театр студиясының алғашқы түлектері, яғни балалар анықтайды. Олар – 7 мен 14 жас аралығындағы өнерпаздар.
Қуыршақ театрының басты көрермені – балалар. Театрға келген баланың болашағы баянды, келешегі кемел болады. Өйткені қойылымдар оларды отансүйгіштікке, бір-бірін құрметтеуге, адамдарды жақсы көруге, табиғатты аялауға үйретеді, - деді Қуат Ежембек.
Фестиваль маусымның 29-на дейін жалғасады. Соңғы күні III Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалінің жабылу салтанатына орай гала-концерт өтеді. Мұнда қатысушылар әртүрлі номинациялар бойынша марапатталады.