Еуразиялық жоғары білім көшбасшыларының форумы – Eurasian Higher Education Leaders’ Forum (EHELF-2026) үзілістен кейін Астанада өз жұмысын қайта бастайды.
Жоғары білім саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі 2026 жылғы 5-6 маусым күндері өтеді. Форумды аймақтағы жетекші педагогикалық мекеме, Times Higher Education рейтингінде 176-200 орындарда тұратын Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебі ұйымдастырады. Қатысуға өтініштер 3 маусымына дейін қабылданады.
EHELF форумы 2011-2019 жылдар аралығында табысты өткізіліп, осы уақыт ішінде университеттер, мемлекеттік құрылымдар, зерттеу қауымдастығы мен бизнес өкілдері арасындағы халықаралық диалогқа арналған беделді алаң ретінде танылды. EHELF-2026 осы дәстүрді жалғастырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңірдегі жоғары білім беру жүйесіне арналған тәжірибелік шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді деп күтілуде.
Биылғы форумның басты тақырыбы технологиялық трансформация, экономикалық тұрақсыздық, климаттық сын-қатерлер және өзгермелі геосаяси ахуал жағдайындағы университеттердің рөліне арналады.
Форум бағдарламасы үш негізгі тақырыптық бағыт аясында өрбиді:
«Тұрақты әрі әділетті болашақ жолындағы университеттер»;
«Жасанды интеллект және цифрлық трансформация дәуіріндегі университеттер»;
«Өзгермелі әлемдегі көшбасшы университеттер».
Форумның негізгі спикерлері қатарында жаһандық экономикалық стратегия, геоэкономика және геосаясат салаларының зерттеушісі әрі сарапшысы Норберт Чизмадиа; танымал малайзиялық ғалым, эконометрист және деректерді талдау маманы Махендхиран Санггаран Наир; жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшы, University College London Білім беру институтында жасанды интеллект және білім беру бойынша сыни зерттеулердің профессоры Уэйн Холмс; БҰҰ-Әйелдер ұйымының Орталық Азия бойынша байланыс кеңсесінің жетекшісі Серен Гювен Гюреш және өзге де халықаралық сарапшылар бар. Форумға сондай-ақ әртүрлі елдерден жетекші ғалымдар, университет басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысады.
EHELF форумының қайта жандануы NU-дың халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға, жоғары білімнің дамуын қолдауға және тұрақты, инклюзивті әрі болашаққа бағдарланған білім беру ортасын қалыптастыруға деген ұмтылысын айқындай түседі.