Астанада еріктілер «Атырау көпірін» граффитиден тазартты

26 Шілде 2023, 22:48
629
Бөлісу:
Астанада еріктілер «Атырау көпірін» граффитиден тазартты
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Елордадағы «Атырау көпірінде» «Астана жастары» волонтерлері қаланың көрікті жерінің көрінісін бұзатын граффитиді тазалау үшін бас қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара елорданың Нұра ауданы әкімдігінің бастамасымен өтті.

Осы акцияға қатысқандардың барлығына алғысым шексіз. «Атырау көпірінің» пайдалануға берілгеніне бес жыл болды, бұл – елорданың ғана емес, бүкіл елдің көрікті жерлерінің бірі. Мұны бағаламайтындар құрылымның көрінісін әртүрлі жазулармен, суреттермен шимайлап тастаған. Олар мұнысымен өздері жайлы «естелік» қалдырдық деп санайтын шығар, бірақ шын мәнінде, кейінгіге ізін қалдырушылар – өз қаласына қамқорлық жасайтын, оның бет-бейнесіне бей-жай қарамайтын жастар, - деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Ол вандалдардың жазулары қалалық ортаның сұлулығын бұзып қана қоймайтынын, онда есірткі сататын сайттардың мекенжайлары да жазылғанын атап өтті.

Бұл – есірткі таратудың танымал түрлерінің бірі. Мұнда есірткі заттарын сақтайтын сайттар мен орындар көрсетіледі. Сонымен қатар, осындай жарнаманың көмегімен жастар заңсыз табыс табуға тартылады, - деді спикер.

Оның айтуынша, қаланың коммуналдық қызметтерінің күш-жігері мәселені шешу үшін жеткіліксіз. Ол үшін қала тұрғындары да осындай жазулардың пайда болуының алдын алып, мүмкіндігінше оларды өшіру арқылы өз қалаларының көркеюіне үлес қоса алады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 1 қаңтарынан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылды.

Елорда әкімдігі ресми сайтының мәліметінше, полиция мен елорда әкімдігі азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне зиян келтірмеуге шақырады. Кез келген құқық бұзушылық анықталады, тиісінше жауапкершілікке қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы