Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында логистика саласына қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының Жолдауында Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру міндеті қойылғанын еске салды.
Ол үшін келесі жылы барлық автомобиль өткізу пункттерінің құрылысын және жаңғырту жұмыстарын аяқтап, "Бақты – Аягөз" теміржол желісін іске қосу қажет. Сондай-ақ құрылыс маусымы басталғанда "Көкшетау – Петропавл" автожолын кеңейтуге және Астанада екінші әуежай салуға кірісу керек. Халықаралық жүк тасымалының көлемін арттыру үшін отандық жүк тасымалдаушыларға мемлекеттік қолдау көрсетудің қосымша шараларын әзірлеу қажет, – деді Олжас Бектенов.
Тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Көлік министрлігіне жүк шоғырландыру және тарату орталықтарын құруды ескере отырып, сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Аталған жобалардың барлығы, сондай-ақ көлік саласында цифрлық шешімдерді енгізу мәселесі Көлік министрлігінің ерекше бақылауында болуға тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.