Астанада босқындарды қорғау және интеграциялау мәселелері талқыланды

23 Желтоқсан 2022, 12:39
1105
Бөлісу:
Астанада босқындарды қорғау және интеграциялау мәселелері талқыланды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші – қон комитеті төрағасының м.а. Ильяс Испановтың төрағалығымен босқындарды қорғау және интеграциялау мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының, Қызыл Жарты Ай Ұлттық Қоғамының, адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның, мүдделі мемлекеттік органдардың сонымен қатар босқындар қауымдастығы өкілдері қатысты.

Кездесуде Қазақстандағы босқындардың өзекті мәселелері, сондай-ақ осал жағдайдағы мигранттармен қарым-қатынас қағидаттары қаралды. Нью-Йорктегі босқындар мен мигранттар туралы декларация, босқындарға қатысты шаралар кешені және жаһандық босқындар туралы шарт шеңберінде БҰҰ шешімдерінен туындайтын шараларды іске асыру барысы талқыланды.

Ильяс Испанов өз сөзінде Еңбекмині Қазақстан Республикасының 2023 – 2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлегенін атап өтті.

Осы Тұжырымдама шеңберінде елдің көші-қон саясаты ұлттық ерекшелікке бейімделген үздік әлемдік тәжірибелерге негізделетін және отандық экономиканың дамуына ықпал етеді, – деді ол.

Қорытындылай келе, Ильяс Испанов болашақта мұндай отырыстар мемлекеттік органдар өкілдерінің 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы конвенцияның және оған 1967 жылғы Хаттаманың ережелерін ескере отырып, Қазақстандағы босқындарды интеграциялаудың әлеуметтік-экономикалық аспектілерін реттейтін ұлттық заңнаманың ережелерін талқылау алаңына айналатынын хабарлады.

Кездесу қорытындысы бойынша босқындардың негізгі экономикалық және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы