Астанада бизнеске арналған AI-навигатор таныстырылды

Жүйе кәсіпкерлерге заңнамадағы талаптарды бір жерден табуға мүмкіндік береді.

 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 22 Қыркүйек 2026, 15:31
22 Қыркүйек 2026, 15:31
1842
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Астанада кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың бірыңғай тізілімінің пилоттық нұсқасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жобаны Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес әзірлеген.

Жаңа жобаның таныстырылымы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтті. Жобаны Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков таныстырды.

Жүйе жасанды интеллект технологиясы арқылы бизнеске қатысты талаптарды әртүрлі нормативтік құқықтық актілерден жинап, бір жерге шоғырландырады. Сонымен бірге кәсіпкердің нақты қызмет түріне қандай талаптар қолданылатынын анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір кәсіпкерлер орындауға тиіс талаптар заңдарда, кодекстерде, қаулыларда және ведомстволық бұйрықтарда, яғни мыңдаған нормативтік құқықтық актіде көрсетілген. Кей жағдайда бір міндет бірнеше құжатта қатар жазылуы мүмкін. Оның үстіне заңнамадағы нормаларға тұрақты түрде өзгеріс енгізіледі. Сондықтан кәсіпкерге өз жұмысына тікелей қатысты талаптардың барлығын тауып, оларды саралау оңай емес.

Кәсіпкерге ауқымды заңнама ішінен өз қызметіне қатысты талаптарды табу үшін көп уақыт жұмсауға тура келеді. Біздің міндетіміз – бұл процесті барынша жеңіл әрі түсінікті ету. Жасанды интеллект қолданылатын Тізілім қажетті талаптарды бір жерге жинап, олардың кімге қатысты екенін, нақты не істеу керегін, қандай мерзімде орындау қажет екенін және орындалғанын қалай растауға болатынын көрсетеді. Бұл бизнеске заңнамадағы талаптарды жылдам бағдарлап, негізгі қызметіне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді, – деді Бекболат Молдабеков.

Талаптарды кім және қалай тексереді

Жүйе нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін жасанды интеллект арқылы саралап, онда көрсетілген нақты міндеттерді анықтайды. Әр талап бойынша оны кім орындауы керек екені, міндеттің нақты мәні, оның қандай жағдайда және қанша уақыт ішінде қолданылатыны көрсетіледі. Сондай-ақ талаптың орындалғанын қандай жолмен растауға болатыны, бақылауды қай мемлекеттік орган жүргізетіні және норманы бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны айқындалады.

Сонымен бірге талаптарды түпкілікті бекіту құқығы адамда қалады. Жүйе ешбір норманы өздігінен расталған талап ретінде белгілемейді. Әр талапты уәкілетті мемлекеттік орган қарап, қажет болса түзетеді немесе қабылдамайды. Жүйедегі барлық әрекет тіркеледі. Бұл енгізілген өзгерістердің тарихын кейін қадағалауға мүмкіндік береді.

Бизнеске арналған жеке профиль

Жаңа Тізілім кәсіпкерге заңнама талаптарының арасынан қажетті ақпаратты табуға көмектесетін навигатор ретінде жұмыс істейді. Ол үшін пайдаланушы алдымен ЭҚЖЖ бойынша өз қызметінің түрін таңдайды. Одан кейін БСН-ін, қызмет саласын немесе қажетті сценарийді көрсетіп, бірнеше сұраққа жауап береді.

Осы ақпараттың негізінде жүйе кәсіпкердің нақты қызметіне арналған жеке профиль жасайды. Профильде қажетті рұқсат құжаттары, оларға өтетін eGov.kz және eLicense.kz сілтемелері, бизнес жұмысының әр кезеңінде сақталуы тиіс талаптар және тиісті реттеу салалары бойынша жалпы міндеттер көрсетіледі.

Қалыптастырылған профильдің негізінде кәсіпкер PDF форматында анықтамалық қорытынды ала алады. Құжат тілдік модель арқылы дайындалады, алайда ол тек профильге енгізілген нормаларға сүйенеді және оған қосымша болжамдар қосылмайды. Бұл құжат ақпараттық мақсатта ұсынылып, кәсіпкерге қолданыстағы талаптарды тез түсінуге көмектеседі.

Нәтижесінде бизнес қажетті ақпаратты іздеуге кететін уақытын қысқарта алады. Сонымен қатар талаптарды сақтамау қаупін азайтып, жаңа жобаны бастау немесе қолданыстағы бизнесті дамыту кезінде қандай рұқсаттар мен міндеттемелер қажет екенін алдын ала анықтай алады.

Заңнамадағы өзгерістер де бақылауда болады

Жүйенің тағы бір міндеті – заңнамаға енгізілетін өзгерістерді қадағалау. Нормативтік құқықтық актінің жаңа редакциясы қабылданған кезде, жүйе оны бұрынғы нұсқасымен салыстырады. Осы арқылы қандай норманың қосылғанын, қайсысы өзгергенін немесе қандай талаптың алынып тасталғанын көруге болады.

Егер белгілі бір нормативтік актінің күші жойылса, ондағы талаптар қолданыстағы Тізілімнен алынып тасталады. Алайда бұған дейін болған өзгерістердің тарихы жүйеде сақталады.

Мемлекет реттеушілік жүктемені талдай алады

Тізілім мемлекеттік органдар үшін де бизнеске түсетін реттеушілік жүктемені бағалауға арналған құрал болмақ. Оның көмегімен әртүрлі нормативтік құқықтық актілерде қайталанатын талаптарды және олардың арасында туындауы мүмкін қайшылықтарды анықтауға болады.

Талдау барысында нормалардың қазақ және орыс тілдеріндегі мазмұны, сандық көрсеткіштер, субъектінің санаты және тиісті құжаттың заңдық күші ескеріледі.

Егер өзара байланысты актілерге өзгерістер енгізілсе немесе талаптардың қайталануы мен олардың арасындағы қайшылық анықталса, жүйе сол норманы қосымша қарау қажеттігі туралы ұсыным береді. Бірақ соңғы шешімді жауапты мемлекеттік орган қабылдайды.

Бұл тәсіл реттеушілік жүктемені кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар бизнеске қандай талаптардың артық жүктеме түсіретінін, қай салалардың тым егжей-тегжейлі реттелетінін және қандай нормаларға қайта қарау қажет екенін анықтай алады.

Бұдан бөлек, жүйе нормативтік актілерді қайта қарау мерзімдерін бақылап, жауапты мемлекеттік органдарға тиісті жұмысты жүргізу қажет екенін алдын ала хабарлайды.

Жүйені басқа цифрлық сервистермен біріктіру жоспарланған

Алдағы кезеңде Тізілімді басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және цифрлық сервистермен біріктіру жоспарланып отыр. Бұл міндетті талаптарға қатысты тексерілген деректерді бірыңғай цифрлық экожүйе ішінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Наверх