12 қазанда Астана қаласында төрт өнеркәсіптік альпинист биіктіктен құлап, олардың үшеуі қаза болған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция департаменті ҚК-тің 277-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде «Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу».
Тергеу барысында жұмыс беруші – ЖК басшысының қызметкерлердің қайтыс болуына қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жиналды.
Қала прокуратурасының тапсырмасы бойынша тергеу органы ЖК басшысына қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.
Құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық істі тергеу барысы қала прокуратурасының бақылауында.
Еске салсақ, Астанадағы құрылыс алаңдарының бірінде төрт альпинист биіктіктен құлап кеткен болатын. 24 жастағы жұмысшы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмып, тағы 2 альпинист ауруханада дүние салған еді.