Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр - Тоқаев

31 Қаңтар 2023, 17:00
897
Бөлісу:
Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр - Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаламыз дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс. Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. Дегенмен орынсыз тексеру жасап, жекеменшік балабақшалардың жұмысына кедергі келтірмеу керек. Қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытады. Астанада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді, - деді Президент.

Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді.

Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі қажет. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн, - деді ол.

Мемлекет басшысы педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою мәселесін де көтерді.

Сонымен қатар, педагог мамандардың тапшылығын толығымен жою – маңызды міндет. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда болуға тиіс. Жалпы, қаланың білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтерген жөн. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай ештеңе жасалып жатқан жоқ.

Тегін үйірмелер оқушылардың бәріне бірдей қолжетімді емес. Бұған ата-аналар наразы. Бұл шаруа нақты жоспарланбайды. Яғни, қай үйірмеге қанша қаражат қажеттігі дұрыс есептелмейді. Бөлінген қаржының өзі тиімсіз жұмсалады. Тіпті, жалған құжат толтыру жайттары орын алып отыр. Әкімдікке құзырлы органдармен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Елімізге халықаралық стандарттарға сай аккредитациядан өткен білім ошақтары қажет. Жоғары оқу орындары көштен қалмауға тиіс. Мен бұған дейін елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының санын көбейту жөнінде тапсырма бердім. 

Бұл жұмысты, ең алдымен Астанадан бастау керек. Әкімдік мамандар дайындау үшін университеттермен ынтымақтастықты жандандыруы қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы