Астанада балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды

4 Қараша 2022, 19:18
709
Бөлісу:
Астанада балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды
Фото: Егемен Қазақстан

Астанада БҰҰ Балалар қорыныңалаңында орталық мемлекеттік органдар, ұлттық институттар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту: негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, іс-шара барысында негізгі міндеттермен және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралармен байланысты мәселелер талқыланды.

Конференция Қазақстандағы ЮНИСЕФ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және ҚР Сыртқы істер министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды.

Еңбекмині атынан іс-шарада вице-министр Ербол Оспанов сөз сөйледі. Ол халықты әлеуметтік қолдаудың кешенді шаралары туралы айтты.

Бүгінгі таңда еліміздің 2 миллионға жуық азаматы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Үкімет жүргізіп отырған жұмыс елдегі демографияға оң әсер етеді, осыған байланысты балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту жүргізілуде. Мәселен, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында ақылы декреттік демалыс мерзімін 1,5 жылға дейін ұлғайту, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске қосу және басқа да көптеген жаңашылдықтар қарастырылған, – деді ол.

ЮНИСЕФ Қазақстан экономикалық саясатты зерттеу институтымен бірлесіп, Қазақстандағы балалар мен олардың отбасыларын әлеуметтік қорғау жүйесін бағалаудың 2015-2020 жылдардағы нәтижелерімен бөлісті. Әлеуметтік көмектің үш түрін атаулы әлеуметтік көмекке біріктірудің оң әсері атап өтілді, бұл оны басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен балалы отбасылардың әл-ауқатын арттыру үшін тиімді әлеуметтік саясаттың және оны одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметімен осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруға дайын, – деді ол.

ЮНИСЕФ сарапшылары екі өңірде – Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында кейс-менеджмент технологиясы негізінде ақшалай жәрдемақылар мен әлеуметтік қызметтер түрінде балалары бар аз қамтылған отбасыларға кешенді көмек көрсетуді көздейтін «Жәрдемақы Плюс» пилоттық жобасының нәтижелері туралы айтып берді.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемел конференцияға қатысушыларды Әлеуметтік кодекс жобасының негізгі новеллалары туралы хабардар етті.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қолдау бойынша ақпараттық жүйелерді дамыту және сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Бауыржан Нұржақсынов Еңбекмині енгізген Отбасының цифрлық картасының жұмыс процесін таныстырды. Бұл әр түрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Конференция барысында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері ұсынылды, өзекті халықаралық және ұлттық тәжірибе талқыланды, сондай-ақ балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау саласындағы саясат пен құқықтық базаны нығайту бойынша ұсыныстар әзірленді.

Өзгелердің жаңалығы