Астанада балалар денсаулығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр 

Қазақстан ДДҰ және ЮНИСЕФ қолдауымен балалар денсаулығын сақтау саласындағы көшбасшылығын күшейтуде.

 ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек Бүгiн 2026, 16:44
Бүгiн 2026, 16:44
110
Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Астанада «Әрбір баланың денсаулығы мен әл-ауқаты: балалар денсаулығын сақтаудың заманауи стратегиялары» атты жоғары деңгейдегі халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған жиынға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус, ДДҰ-ның Еуропа өңірлік директоры Ханс Клюге, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының міндетін атқарушы Октавиан Бивол қатысты.

Форумға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің салалық ведомстволарының жетекшілері де қатысты.

Іс-шара барысында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасының өзектілігіне ерекше назар аударылды. Бұл құжат балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, білім алуы мен әл-ауқатын қамтитын бағыттарда мемлекеттік деңгейдегі жұмыстарды бір арнаға тоғыстыруды көздейді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ана мен бала денсаулығын қорғау саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Мәселен, ана өлімі 6 есеге, ал нәресте өлімі 7,5 есеге азайды.

Елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа дейін жетті. Тұрақты даму мақсаттары бойынша да оң өзгерістер байқалады: жалпы индекс 71,5-ті құрайды. Ал ана мен бала денсаулығына қатысты көрсеткіштер бойынша Қазақстан өңірдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналады.

Балалар денсаулығын сақтау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі әрі Мемлекет басшысының тұрақты назарында. Соңғы жылдары алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі жаңартылды: 366 педиатриялық бөлімше мен 370-тен астам даму және ерте араласу орталықтары ашылып, олардың көмегімен 72 мыңнан астам балаға қызмет көрсетілді.

ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директорының міндетін атқарушы Октавиан Бивол барлық сала өкілдерінің бірлесіп жұмыс істеуінің маңызын атап өтті.

Біз әр баланың дені сау болып өсіп, өзіне қажетті қолдауды сезінгенін қалаймыз. Бұл үшін денсаулық сақтау жүйесі, отбасылар мен серіктестер бірігіп әрекет етіп, қазіргі заманның күрделі сын-қатерлерін еңсеруге атсалысуы қажет, – деді ол.

Наверх