Астанада автокөлік ұрлаған күдіктілер ұсталды

9 Шілде 2022, 12:26
1489
Бөлісу:
Астанада автокөлік ұрлаған күдіктілер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында автокөлік ұрлаған 19 және 20 жастағы екі күдіктіні ұстады. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Полицияға Нұр-Сұлтан қаласы Ким көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласынан «ВАЗ 2110» маркалы автокөлігін белгісіз біреулердің жасырын ұрлап әкеткені туралы хабарлама келіп түскен. Тергеу барысында ұсталған күдіктілер түнгі уақытта үйдің ауласында есігі ашық қалған автокөлікті байқап, оны ұрлап әкету үшін салонына кіргені анықталды. Көліктің кілті жоқ болғандықтан, қаскүнемдер бастапқыда оны итеріп жолға алып шығады, кейін интернеттен қарап көлікті кілтсіз оталдырып, айдап әкетеді. 

Ұрланған көлікпен күдіктілер Қостанай облысына дейін барып, сол жерде құжаттарынсыз арзан бағаға сатып жібергені анықталды. Келтірілген шығын сомасы 500 мың теңгені құрады.

Аталған факті бойынша «ұрлық» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған ер адамдар өз кінәсін мойындады, автокөлік иесіне қайтарылды. Олардың  елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. 

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарға көліктен кетіп бара жатқанда қырағы болуды, барлық есіктер мен терезелер сенімді жабылғанын міндетті түрде тексеруді ескертеді. Айдап әкетуді болдырмау және көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автокөліктеріңізді күзетілетін тұрақтарға және бейнебақылау камераларының көру аймағына қоюға кеңес береді.

Өзгелердің жаңалығы