Астанада Әуезовтің ескерткіші бой көтермек

28 Желтоқсан 2023, 17:44
473
Бөлісу:
Астанада Әуезовтің ескерткіші бой көтермек
Фото: facebook.com/olzhas.sydykbekov

Астанада Әуезов ескерткіші бой көтермек. Бұл туралы журналист Олжас Сыдықбек фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ. тілшісі.

Оның жазуынша, елордада әлі күнге дейін қазақтың бас жазушысы Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіш жоқ. 

Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өткенде, ақынды әлемге танытқан айтулы тұлға – Мұхтар Әуезов ескерусіз қалды. Бұрын ірі қалаларда ұлы жазушы атына көше берілгенмен, ел көлемінде ерекше атап өтетіндей керемет ескерткіш тұрғыза алмадық. Ұлы жазушы мерейтойы тұсында да бұл олқылықтың орны толған жоқ. Еліміздің бас қаласы – Астанада да жазушы атына көше берілгені болмаса, мүсіні жоқ. Ендеше Абай есімі ардақталып жатқанда, ұлы ақынды, қазақ халқын әлемге танытқан ұлтымыздың біртуар перзенті, бас жазушы – Мұхтар Әуезовті де ұлықтап, елордада бір еңселі, ерекше ескерткіш тұрғызу керек деп ойлаймыз, деп газет мінберін пайдаланып ұсыныс тастадық, - деп жазады ол.

Бұл ұсынысты оқырман да қызу талқылай түскен. Бірақ мақала авторлары билік тарапындағылардың қолдауын күткенін жасырмады.

Бәрінен бұрын ресми биліктің аталған мәселені елеусіз қалдырмай, дереу бастаманы бақылауға алғаны қуантып тастады. Осыдан-ақ мемлекет халық үніне құлақ асатынына, тіпті орайлы айтылған ой-ұсынысқа жедел үн қататынына көз жеткізгендей болдық. Олай дейтініміз - арада екі ай өтпей, Астана қаласы әкімдігі заманымыздың заңғар жазушысына ескерткіш орнатуға конкурс жариялап отыр, - деді Олжас Сыдықбек.

Аталмыш байқау қаңтар айының соңына дейін жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы