Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру бойынша ашық конкурс жариялады. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлім етті.
Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады.
Өтінімдер 2026 жылғы 15-20 қазан аралығында тек онлайн форматта kezekte.kz платформасы арқылы қабылданады. Белгіленген мерзімнен кейін түскен өтінімдер қаралмайды.
Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысан бойынша электрондық өтінім мен қажетті құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс.
Грант алу шарттары
Мемлекеттік грант жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі. Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар:
- жоба шығындарының кемінде 20%-ын бірлесіп қаржыландыру. Бұл ретте бизнес-жобаға тартылатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік те есепке алынады;
- жаңа жұмыс орындарын ашу;
- жобаны жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылымның бар екенін немесе құрылатынын көздейтін инвестициялық жоспар ұсыну.
Грант қаражатын қандай мақсаттарға пайдалануға болады?
Мемлекеттік грант қаражатын мынадай мақсаттарға жұмсауға рұқсат етіледі:
- тауар өндіруге немесе қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізат пен материалдарды сатып алу, сондай-ақ негізгі құралдарды салу, жаңғырту, реконструкциялау және күрделі жөндеу;
- материалдық емес активтерді сатып алу;
- технологияларды сатып алу;
- франчайзинг құқықтарын сатып алу;
- зерттеу жұмыстарына немесе жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығындарды өтеу.
Грант қаражатын көрсетілген тізімнен тыс мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.
Кәсіпкер бизнес-жобаны грант беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 18 айдан кешіктірмей іске асыруы тиіс.