Астанада «Алатаудың ақиығы» көрмесі ашылды

14 Наурыз 2019, 12:31
3506
Бөлісу:
Астанада «Алатаудың ақиығы» көрмесі ашылды

Астана, BAQ.KZ. Астанадағы Ұлттық Музейінде әйгілі халық ақыны, қазақтың әншілік-жыршылық өнерінің көрнекті өкілі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған «Алатаудың ақиығы» атты көрмесі ашылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Музейдің үлкен конференц-залында ұлы тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді.

Астанада «Алатаудың ақиығы» көрмесі ашылды

Көрмеге Кенен Әзірбаевтың баласы Бақытжан Кененұлы арнайы қатысып, әкесі туралы естеліктер айтты.

Астанада «Алатаудың ақиығы» көрмесі ашылды

«2009 жылы атамыздың 125 жылдығы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен кең көлемде ұйымдастырылған болатын. Биылғы мерейтойына «Алатаудың ақиығы» деген деректі фильм дайындалды. Соны мен қатар Қордайдағы Кенен Әзірбевтың атындағы музейден біраз құнды жәдігерлер әкелдік. Өзінің қолына ұстаған домбырасын, иығына іліп жүрген шапанын, күміс белдігін, бірнеше фотосуреттерді осы көрмеден тамашалай аласыздар», - деді Кенен Әзірбаевтың баласы Бақытжан Кененұлы.

Көрмедегі құнды жәдігерлердің басым бөлігі Қордай аудандық Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейінен әкелінген.

«Қос ғасырдың куәсі, халқымыздың басына төнген зұлматтарға шығармашылықпен үн қосқан, еліміздің мәдени қоржынына мол мұра салған Кенен атамызға биыл 135 жыл толды. Бүгінгі шарамызға Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей құнды жәдігерлер әкеліп көпшілік назарларына ұсынып отыр. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес құнды дүниелер. Қазақ халқы, Тәуелсіз Қазақстанымыз тұрғанда Кенен Әзірбаевтың есімі өшпейді. Шығармалары халқына, ұлтына, егемен еліне қызмет жасай беретін болады», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин

Өзгелердің жаңалығы