Астанада жаңа саяси күш – «Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті арнайы цифрлық платформасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір партия мемлекеттік тіркеуден өту кезеңінде. Сол себепті ұйымдастырушылар қоғамға ашық болу және қолдау жинау процесін жеңілдету үшін цифрлық форматқа басымдық берген.
Партияға қосылу бұрынғыдан жеңілдей түсті
Жаңа платформа арқылы кез келген кәмелетке толған азамат бірнеше қадаммен онлайн өтініш беріп, партияны қолдай алады. Бұрынғыдай қағаз жинап, кеңсеге барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ.
Платформа әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді. Яғни, партия толық тіркелгенге дейін тестілік форматта іске қосылған.
Осы тұста ұйымдастыру комитетінің уәкілетті өкілі жобаның мәнін түсіндірді.
Осыдан шамамен он күн бұрын біз Қазақстанда жаңа саяси партия – «Әділет» партиясын құру бастамасын жарияладық. Заң талаптарына сәйкес 700-ден астам адамның қолын жинап, құжаттарды Әділет министрлігіне тапсырдық. Министрлік оларды қабылдап, партия құру рәсімдерін бастауға рұқсат берді.Қазір біз съезге дайындалып жатырмыз. Партияны тіркеу үшін кемінде 5 мың адамның қолдауы қажет. Сол процесті жеңілдету үшін арнайы цифрлық платформа іске қостық, - деді партияны бастамашы топтың уәкілетті өкілі Рауан Кенжеханұлы.
Бұл платформа арқылы азаматтар өз ниетін онлайн түрде білдіре алады. Электронды қолтаңба арқылы тіркеледі, ал заң бойынша ол кәдімгі қолмен тең.
Қазірдің өзінде еліміздің әр өңірінен азаматтар тіркеліп жатыр. Біз тек 5 мың емес, одан да көп қол жинаймыз деп сенеміз, - деді ол.
Бұл партияның басқа партиялардан ерекшелігін де айта кетті.
Біздің басты қағидатымыз – әділдік. Әр азаматқа тең мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру. Сондықтан осы идеяны қолдайтын азаматтарды біріктіргіміз келеді, - деді ол.
Платформа тек тіркелумен шектелмейді
Таныстырылым барысында платформаның қалай жұмыс істейтіні толық көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бастамасы ғана.
Алдағы уақытта жүйе партия қызметін ашық көрсетуге, онлайн кездесулер өткізуге,пікірталастар ұйымдастыруға, мүшелердің есебін цифрлы түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жүйеде жиналған деректер негізінде аймақтар бойынша интерактивті карта жасалады.
Жаңа саяси күш өзін заманауи, халықпен тікелей байланыс орнататын платформа ретінде көрсеткісі келеді.
Компания өкілдерінің айтуынша барлық деректер толық сертификатталған жүйеде сақталады, Қазақстан заңнамасына толық сәйкес өңделеді және тек өтініш қабылдау және келісім алу мақсатында ғана пайдаланылады.