Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-да 700-ші локомотив құрастырылды. Отандық өндіріс орны 2009 жылдан бері тепловоздар мен олардың қосалқы бөлшектерін шығарумен айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз «Локомотив құрастыру зауытының» өндірістік цехтары мен 700-ші локомотивті өз көзімізбен көріп қайттық.
Бүгінде кәсіпорында 530-дан астам маман еңбек етеді. Солардың бірі – 2012 жылдан бері осы зауытта дәнекерлеуші болып істейтін Махамбет Омаров. Оның айтуынша, алғаш жұмысқа келгенде қандай алып өндіріске үлес қосып жатқанын толық түсінбеген. Ал кейіннен өзі дайындаған локомотивтердің шойын жолда жүргенін көргенде бойын ерекше мақтаныш кернеген.
Өзіміз құрастырған локомотивтердің рельске шығып, ел игілігі үшін жүк тасып жүргенін көргенде марқайып қаламыз. Тіпті әрқайсысының зауыттық нөмірлеріне дейін жатқа білеміз. Бүгінде кәсіпорын 700-ші локомотивін шығарса, соның 600-ге жуығын құрастыруға өз қолыммен үлес қостым, – деді дәнекерлеуші.
Кәсіпорынның басты жетістіктерінің бірі – 17 жыл ішінде 700 локомотив шығаруы. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 локомотивке дейін шығаруға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның әкімшілік басшысы Рауан Донсебаевтың айтуынша, бір локомотивті жасауға шамамен 2-3 күн уақыт кетеді. Бұл өнімдер қазірдің өзінде Әзербайжан, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан сынды 8 елге экспортталады.
Өндіріс орыны жас мамандарды жұмысқа тартып, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасап келеді. Зауыт технологы Нұрболат Мұқашев университет бітіре салысымен еңбек жолын осы зауыттан бастаған. Қазіргі ол өндірістегі механикалық өңдеу процесіне жауап беріп, сандық басқару бағдарламаларын орнатумен айналысады.
Ауыр өндіріс алаңында нәзік жандылар да аянбай еңбек етіп жүр. 2011 жылдан бері бұзбай бақылау дефектоскописі болып қызмет істейтін Айнұр Абжанова өзі таңдаған мамандықтың сирек әрі аса жауапты екенін жеткізді.
Зауыт тепловоздан бөлек оның қосалқы бөлшектерін де өндіріп, шет елдерге экспорттайды. Бүгінде Индияға 200 бөлшек жеткізілсе, Австралияға 6 тепловоздың қаңқасы жіберілген.
Кәсіпорын орналсқан №1 Индустриялық паркте жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда. Қазір 103 өндіріс орыны жұмыс істеп тұр, тағы 42 жоба іске асыру сатысында. 30-дан астам зауыт шетелдік инвестициялардың қатысуымен құрылуда.