Астанада 7 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған

21 Мамыр 2023, 07:26
838
Бөлісу:
Астанада 7 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған
Фото: polisia.kz

Биыл Астанада 7 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елордада жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту және жол жүру ережесін бұзудың жолын кесу мақсатында «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Әр аптаның жұма күндері ПД қосымша қызметкерлерін тарта отырып, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерден жолды кесіп өтіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында «Жаяу жүргінші» атты іс-шара жүргізіледі.

Тәртіп сақшылары орта есеппен күні бойы жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған 200-300-ге жуық құқық бұзушылықтарды анықтайды. Биыл ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша 7094 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар велосипедшілер, мопедтер мен скутерлердің жүргізушілері де жоғарыда аталған бапқа жатады. 2023 жылдың осы кезеңінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 550 велосипедші, 198 мопед жүргізуші және 55 мотороллер жүргізушілері әкімшілік жауапқа тартылды. Полицейлер көлік құралдарының жүргізушілерін тәртіпке келтіре отырып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерден өту ережелерін бұзу, оларға жол беру талаптарын орындамау, жаяу жүргіншілер жолында аялдама және тұрақ ережелерін бұзу фактілерін бақылауда ұстайды, - деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерге жол бермеген мыңға жуық жүргізуші анықталса, жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектері мен жолақта көлік жүргізген 98 жүргізуші ұсталды.

Өзгелердің жаңалығы