Астанада 300-ден астам адам велошеруге қатысты

20 Тамыз 2023, 09:34
823
Бөлісу:
Астанада 300-ден астам адам велошеруге қатысты
Фото: gov.kz

Астанада Спорт күніне орай алғаш рет спорт саласының қызметкерлері арасында бұқаралық велошеру өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігі сайтына сілтеме жасап.

Спорт қызметкерлері таңғы сағат жетіден елорда іргесіндегі Қосшы қаласының айналма веложолына жиналды. Еңсерілуі тиіс қашықтық – 25 км.

Спорт қызметкерлерімен бірге Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, таэквондодан Олимпиаданың тұңғыш жүлдесін алған Арман Чилманов және қалалық спорт басқармасына қарасты мекеме басшылары, спорт ардагерлері «Үркер» елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейін жалғасқан қашықтықты жүріп өтті.

Велошерудің ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, «Астана Орманы» ЖШС даму жөніндегі басқарушы директоры Юсуп Келигов және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, басқа да спорт майталмандары мен спорт ошақтарының басшылары қатысты.

Велошеруге 300-ден астам адам қатысты.

Айта кетейік, іс-шара барысында спорт саласының қызметкерлеріне Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың, қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің алғыс хаттары, «Үздік спорт қызметкері», «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.

Сондай-ақ биыл маусым айында Грузияның Батуми қаласында шахматтан өткен әлем чемпионатында топ жарып, 12 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған Алтынбек Айаруға велосипед сыйға тартылды.

Өзгелердің жаңалығы