Астанада мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған мектеп ашылды

22 Қаңтар 2019, 18:54
2747
Бөлісу:
Астанада мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған мектеп ашылды

Астана, BAQ.KZ. Паралимпиялық жаттығу орталығында Астана қаласы әкімдігі жанынан мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті. 

Осы шараға орай өткен баспасөз мәслихатында, елордалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов қайта құрылған мекеменің ерекшеліктері мен жұмыс ерекшеліктері және бүгінде мүмкіндігі ерекше жандарды спортқа барынша тарту үшін қандай шаралардың қабылданып жатқандығы туралы айтып берді.

- Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға көп көңіл бөледі. «Қазақстан жолы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» тақырыбындағы Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға баса назар аудару қажет екендігін ерекше атап өтті.  Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласының әкімдігі мүгедек спортшыларға республикалық және халықаралық жарыстарда елорданың және еліміздің намысын қорғауына мүмкіндік беру мақсатында жаттығуға жағдай жасау шараларын қолға алды, - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша,  қазіргі кезде мүгедектігі бар жандарға арналған спорт мектебінде 17 спорт түрі дамытылуда: арбамен би билеу, отырып волейбол ойнау, грек-рим күресі, еркін күрес, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, жүзу, пауэрлифтинг, үстел теннисі, футбол, таеквондо, асық ату, дзюдо, бочча және голбол. Жүзушілер мен жеңіл атлеттерден басқа спортшылар Паралимпиялық жаттығу орталығында дайындалады. Жүзушілер мен жеңілатлеттер «Алатау» спорт кешенінде жаттығады.

Мектепте 24 жаттықтырушы бар, контингент – 400 (төрт жүзге) жуық спортшы, оның ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ҚР спорт шеберлері және спорт шеберлігіне кандидаттар бар.

Тағы да бір айта кетерлік жайт, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  Астана тұрғындары жасы мен мүгедектігінің тобына қарамастан Паралимпиялық жаттығу орталығында тегін жаттыға алады. Бұл үшін мүгедектігі бар екендігін растайтын анықтама, мекен жай анықтамасы және жеке куәлік қажет.

- Орталық қажетті күштік және кардио тренажерлармен, волейбол ойнауға, арбада отырып, би билеуге, жекпе-жектермен, үстел теннисімен және мүгедектігі бар адам үшін жан саулығы мен тән саулығы үшін басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған залдармен жабдықталған. Сонымен қатар, мұнда оқу аймағы, шахмат сияқты үстел ойындарын ойнау аймағы да жасалды. Бұл мүгедектігі бар адамдарға демалысын Паралимпиадалық орталықта ниеттестерінің ортасында өткізуге мүмкіндік береді,-деді Болат Мажағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, Паралимпиялық орталық күніне 600-ге жуық адамды қабылдай алады.

- Біздің ендігі міндетіміз – мұндай мекеменің бар екендігі туралы мүмкіндігі шектеулі жандарды барынша хабардар ету. Бұл ретте біз сіздердің тараптарыңыздан қолдау көрсетілетініне үміттенеміз, - деді Мәдениет және спорт басқармасының басшысы журналистерге.
Өзгелердің жаңалығы