«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі өтті

18 Шілде 2023, 18:31
660
Бөлісу:
«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі өтті
Фото: «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі

Бұл шахмат әлемінің ең мықтыларын жинап, білімдерін, стратегияларын және ойынға деген құштарлықтарын ортаға салатын бірегей оқиға, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Фестивальге қатысқан танымал шахматшы Динара Сәдуақасова әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды шахматшылар үшін бұл айтулы оқиға екенін айтты.

Мен ауқымды шараның ұйымдастырушысы болғанымды және Қазақстандағы шахматтың дамуына тағы бір үлес қосу мүмкіндігі туғанын мақтан тұтамын, - деді Динара Сәдуақасова.

«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі өтті

«Астана жұлдыздары» фестивалінің жоғары мәртебеге ие болуы оның маңыздылығымен қатыр қатысушылардың жоғары деңгейін де көрсетеді. Осы беделді жарыс барысында шараға қатысушылар ең атақты және әйгілі шахматшылармен кездесуге мүмкіндік алды, олар:

• Ханс Мок Ниман – американдық шахматшы және гроссмейстер.
• Шант Саркисян мен Мануэль Петросян - дарынды қимылдарымен және жоғары рейтингтерімен танымал армян гроссмейстерлері.
• Дивья Дешмух – шахматта күш пен талантты бейнелейтін әйелдер арасындағы Азия чемпионы.
• Әлішер Сүлейменов – Қазақстан атынан халықаралық шебер және өзінің кәсіби дайындығын дәлелдеген спортшы.
• Мұртас Қажғалеев – қазақстандық гроссмейстер және ерлер арасындағы шахматтан Қазақстанның үш дүркін чемпионы.
• Виталий Бернадский – украиналық гроссмейстер.
• Владислав Ковалев – беларусьтік гроссмейстер.

Осы спортшылардың барлығы өздерінің бірегей стратегиялары мен дағдыларын фестиваль сахнасына әкеліп, бүкіл әлемдегі қарсыластары мен шахмат жанкүйерлеріне ойын шеберлігін көрсетті.

Бұл фестиваль әр ұлттың шахматшыларының басын қосып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік шахмат қауымдастығындағы рөлінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Әртүрлі елдердің көрнекті гроссмейстерлері мен дарынды ойыншыларының қатысуы ерекше бәсекелестік пен өзара сыйластық атмосферасын қалыптастырды.

Фестиваль аясында шахматшылардың үздік шеберліктерін көрсетіп, құрметті атақтар мен рекордтық жүлде қоры үшін күресуге мүмкіндік беретін түрлі турнирлер өткізілді. Балалар мен жаңадан бастаған шахматшылар үшін гроссмейстерлермен бір мезгілде ойындар ұйымдастырды. Бұл ойындар шахмат өнерінің кереметтігін көрсетіп қана қойған жоқ, сондай-ақ тәжірибелі шеберлердің тактикаларын үйренуге және құнды білімдерімен бөлісуге мүмкіндік туғызды, - делінген ақпаратта.

Бір мезгілде өткізілген сессияларға қазақстандық шахматшы әрі фестивальді ұйымдастырушы Динара Сәдуақасова да қатысып, шахматты дамытуға және осы қызықты өнерге жас ойыншыларды тартуға деген ұмтылысын дәлелдеді.

Онымен бірге сессияларды «Астана жұлдыздары» фестивалінің ерекше атмосферасын құруға үлес қосқан көрнекті гроссмейстерлер Мұртас Қажғалеев, Виталий Бернадский және Владислав Ковалев өткізді.

«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі өтті

Синхронды ойындар барлық қатысушы үшін қызықты әрі тартымды тәжірибе болды. Гроссмейстерлер бір уақытта дайындық деңгейі әртүрлі бірнеше ойыншымен бәсекеге түсті. Сондықтан бұл балалардан зейінді, жоғары интеллектуалдық белсенділікті және тез шешім қабылдауды талап ететін сынақ болды. Бұл форматта қалыптасатын қасиеттер жастардың мықты шахматшы болуына, өзіне деген сенімділіктерін арттырып, болашақта мықты қарсыластар алдындағы қорқыныштарын жеңуге көмектеседі, - деді ойыннан кейін Динара Сәдуақасова.

«Астана жұлдыздары» фестивалінің негізгі элементтерінің бірі – Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған «ФИДЕ ұйымдастырушысы» атағына арналған семинар. Бұл бірегей семинардың лекторы - Канададан келген халықаралық төреші және ФИДЕ халықаралық ұйымдастырушысы Вадим Цыпин.

«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі өтті

Семинарға қатысушылар үстелді орналастырудан бастап, шаралардың ұйымдастырылуына дейін әлемдік шахмат турнирлерін өткізу стандарттары туралы толық түсінік алды. Бұл білім семинардың аспиранттарына емтихан тапсыруға және басқа талаптарды ескере отырып, FIDE халықаралық ұйымдастырушысы атағын алуға жол ашады. Фестивальдің барлық төрт турниріне де төрелік еткен Вадим Цыпин фестивальдің маңызы мен әлеуетін, сондай-ақ Қазақстанда шахматты дамытудың маңыздылығын айтты.

Мен төрт құрлықта да жұмыс істеп көрдім және өз тәжірибемнен Қазақстанның шахмат картасында жетекші елдердің «бірінен» абсолютті көшбасшыға айналуға толық мүмкіндігі бар деп айта аламын. Қазақстан ұлттық дайындықтың пропорционалды пирамидасын құрды, өзінің үздік ойыншыларын, төрешілерін, турнир ұйымдастырушыларын өсірді және шахмат мектебін қалыптастырды. «Астана жұлдыздары» сияқты фестивальдар білім мен әлеуметтенудің маңызды элементі ретінде Қазақстанның шахматқа үлкен көңіл бөлетінін растайды. Фестивальге қатысқан жүздеген бүлдіршін ересек ойыншылардан шабыт алып, мінез-құлқы мен талдау қабілетін дамытып, болашақта осы елдің зияткерлік элитасы болады, - деді ол.

«Астана жұлдыздары» фестивалі әлемдік турнирлерді өткізу стандарттары мен талаптарына лайықталған жаңа көкжиектерді ашуға көмектеседі. Бұл Қазақстандағы шахматты дамытудағы маңызды қадам және еліміздің әлемдік шахмат қауымдастығында лайықты орын алуға деген ұмтылысын айшықтайды.

Шахмат - тек ойын ғана емес, ол болашақты көре білу, қиын шешімдер қабылдау және логика мен шығармашылықтың үйлесімділігін таба білу. 

Өзгелердің жаңалығы