Қазақстанда көрнекті қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған музыкалық челлендж өтіп жатыр. Әлеуметтік желілерде блогерлер, қоғам белсенділері, өнерпаздар, жастар мен шығармашылық ұжымдардың өкілдері оның әндерін орындап, музыкалық эстафетаны бір-біріне жолдап жатыр.
Челлендж композитордың 15 тамызда аталып өтетін туған күніне орай ұйымдастырылған. Қатысушылар Шәмші Қалдаяқовтың көпшілікке танымал шығармаларын орындап, бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялайды және басқа қолданушыларды бастаманы жалғастыруға шақырады.
Атап айтқанда, композитордың әндерін орындау бастамасын Ордабасы аудандық мәдениет үйінің өкілдері қолдады. Әнші Ыбырахым Ләйла Сабитқызы Берік Сағатбекұлынан эстафетаны қабылдап, Шәмші Қалдаяқовтың шығармасын орындау арқылы челленджді жалғастырды.
Астанада да бұл бастаманы мәдениет, білім және жастар саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар, балалар, зиялы қауым мен аға буын өкілдері қолдады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, челлендждің мақсаты – композитордың музыкалық мұрасына деген қызығушылықты сақтап, оның шығармашылығы арқылы түрлі буын өкілдерін біріктіру.
Музыкалық эстафета жалғасып жатыр. Оған кез келген адам қатыса алады. Ол үшін Шәмші Қалдаяқовтың сүйікті әнін орындап, бейнежазба түсіріп, эстафетаны достарына, әріптестеріне немесе басқа қатысушыларға жолдау жеткілікті.
Ақмола, Түркістан, Қарағанды және басқа да облыстардың блогерлері мен қоғам белсенділері де челленджге қатысты.