"Астана" телеарнасы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуді бастап кетті

11 Қараша 2019, 18:07
3639
Бөлісу:
"Астана" телеарнасы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуді бастап кетті
VIDEO

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Телеарна 11 қарашадан бастап жаңа форматта жұмысын жалғастырады. Бүгіннен бастап арнаның стилистикасы өзгерді. 

Медиа нарықтағы трэндке сай арна логотипі мейлінше қарапайым әрі тартымды үлгіге ауыстырылды. Жаңа маусымда арнадағы әр бағдарламаның роликтері хәкім Абайдың шығармашылығымен ұштасып, көрермен назарына ұсынылады. 
 

Абай әлемі - ақылдың кені! "Астана" арнасы осындай ұранмен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуді бірінші болып бастап кетті. Осылайша, арна ұжымы Ұлы ақынның шығармаларын жас ұрпақ бойына сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге ат салыспақ. Себебі өзі өлсе де, артында өлмейтұғын із қалдырған ақын шығармашылығы халық жүрегінен еш өшпек емес. Сондықтан "Астана" арнасы "Ұлттық патриотизм идеясы" аясында ұлттық идеологияны дәріптейтін арна ретінде жаңа жобаларды қолға алады.
 

Мәселен, "ASTANA TIMES" атауымен жаңа форматта жаңалық тарататын ақпарат қызметінің жұмысы ұлы ақынның "Сегіз аяқ" өлеңімен астарлас. Қоғамда болып жатқан әр оқиғаны біздің арна тілшілері дерек пен дәйекке сүйеніп жеткізеді. Енді қазақ және орыс тіліндегі жаңалықтар шығарылымы шырайын түрлендіріп, бір уақытта шығады. 


 

"Астана" арнасы халықтық арна ретінде ұстанымдарын өзгертеді. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында тікелей эфирде тұрғындарды толғандырып жүрген сұрақтардың жауабын іздейміз. Кез келген уақытта мәселеңізді айтып, редакцияға хабарласуға мүмкіндік бар. Біздің тілшілер түйіткілдің түйінін тарқату үшін шенеуніктерге тікелей телефон шалады.
 

 

Бұдан бөлек, "мобильді репортер" айдары ашылады. Қандай да бір оқиғаның куәгері болсаңыз, таспаны "АСТАНА" арнасының WhatsApp немесе әлеуметтік желідегі парақшасына жолдаңыз. Сондай-ақ, жаңа маусымда "САЯСИ РИНГ" ток-шоуының алаңы жаңарып, келелі келіссөздердің көкжиегі кеңейеді. Сарапшылар қоғамда қызу талқыға түскен саяси, әлеуметтік, экономикалық тақырыптарды таразылайды. "АСТАНА АПТАСЫ" әр сенбі, жексенбінің кешінде аптаның айшықты оқиғаларын саралайды. Сын мен шын "Астана" арнасында, - деп хабарлады телеарнадағылар. 

Бұдан бөлек, көңілді бағдарламалардың көкжиегі кеңейеді. Әйгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов "ҚЫЗЫҚ БОЛҒАН" шоуына өнер адамдарын шақырып, әзілдің әлеміне саяхат жасайды. 
 

Телеарна алдағы уақытта әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созбақ. Осы мақсатта 1 наурыз "Алғыс айту күніне" орай қайырымдылық концерті өтеді. Шарадан түскен қаржы мұқтаж жандардың қажетіне жұмсалады. 

"Жыл таңдауы - 2019" ұлттық телевизиялық музыкалық жүлдесін енді "Астана" арнасы көрсетеді. Еліміздің жарқын жұлдыздарын бір сахнада тоғыстыратын шара "Алматы Арена" спорт кешенінде 1 желтоқсан күні өтеді. 

Сонымен қатар, көрерменнің сұрауы бойынша отандық телехикаялардың жаңа желісін ұсына отырып, талабы биік, талғамы зор көрермен назарына аты әлемге мәшһүр WARNER BROS.PICTURES кинокомпаниясы мен Кеңес киносының алтын қорына енген кино туындылар мен түріктің үздік үштігіне енген телесериалдар жол тартады.

Өзгелердің жаңалығы